Шымкентте дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. Бұл туралы Шымкент қалалық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Ләззат Қашқынбаева БАҚ өкілдеріне берген сұхбаты кезінде айтты.
– Қаламызда дәрі тапшылығы туралы шағым түспегенін, алайда дәріханаларда дәрілердің тез таусылып жатқаны туралы ақпараттар келгенін айта кетейін. Яғни қоймаларда дәрілер бар, бірақ дәріханаларға жеткен соң, тез таусылып қалуда. Қалада 730-дай дәріхана бар. Оның 60%-ы үлкен, қалғаны – кіші дәріханалар. Кіші дәріханаларда дәрілердің қоры аз болады. Ал үлкен компаниялардың дәрі-дәрмек қоры жеткілікті, – деді Л.Қашқынбаева.
Сондай-ақ, департамент басшысының орынбасары дәрілерді мамандардың нұсқауымен ғана қолдану керектігін ескертті.
– Рецептсіз босатылатын дәрілердің сатылуы шектелмеген. Бірақ біз бүгінгі жағдайға орай тиісті орындармен меморандум түзуді жоспарлаудамыз. Тағы бір айта кететін жайт, қазіргі күнде халық ғаламтордан көріп, коронавирус инфекциясына дексаметазон дәрісі көмектеседі деп ойлап жүр. Ол – гормондық дәрі. Оны тек дәрігердің нұсқауымен ғана қолдану керек, – деді Л.Рысымбекқызы.
Ал Шымкент қаласы бойынша Фармацефтика қауымдастығының төрайымы Хадиша Әлжанова дәрілердің жеткізілуі жөнінде өзіндік ережелері барын тілге тиек етті.
– Қаламызда соңғы он күндік ішінде жағдай аздап өзгерді. Халық мұны дұрыс түсінуі керек. Шымкентте дәріханалар көп болғанымен, дәрілерді жеткізу ережелері бар. Яғни, ірі компаниялар қоймаларына үш айға дәрілік қорларын жинап қояды. Ал біздің дәріханалар бір айлық дәрі-дәрмек қорын алады. Бірақ қалыпты ситуация өзгергенге байланысты және дәрі-дәрмектің көбісі шетелден келетіндіктен кей дәрілер екі-үш күнге кешігіп жеткізілуде. Дәл бүгін «Зерде» компаниясының мәліметі бойынша дәрілердің барлығы келген. Осы ретте әлеуметтік желіде кіші дәріхана қызметкерлерімен ортақ тобымыз барын айтқым келеді. Бұл топ арқылы кез келген дәріханада қай дәрі таусылғанын біліп, шұғыл түрде жеткізіп отырмыз. Осы орайда дүрлігіп, рецептсіз босатылатын дәрілерді тым артық сатып алып жатқан қала тұрғындарын сабырға шақырамын! Бүгінде біздің мамандар тәулігіне 24 сағат жұмыс істеуде. Сол себепті жағдайды қалыпты деңгейде ұстаймыз, – деді Х.Дербесқызы.
Шымкент ақпараттық-коммуникациялық орталығы
Фото: Б. Сейітжаппар