Шымкент қаласында «Аntikor ortalyǵy» сервистік орталығы ашылды. Салтанатты шарана ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Төрағасы Алик Шпекбаев ВКБ арқылы онлайн-форматта тамашалады.
Ашылу салтанатына Шымкент қаласының әкімі М.Айтенов, Агенттік Департаментінің басшысы А.Жұмағали, сонымен қоса қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
«Аntikor ortalyǵy» – азаматтарға білікті мамандардан жайлы жағдайда жедел заңдық кеңес алуға мүмкіндік беретін диалог алаңына кез-келген азамат жүгіне алады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің қызметкерлері азаматтарды күн сайын қабылдайды.
Антикор-орталығының алаңында «Шымкент – Адалдық алаңы» мен «Protecting business and investments» жобалық кеңселері жұмыс істейтін болады. Мұнда «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі мен арнайы мониторинг топ мүшелеріне, азаматтарды қабылдауға кабинеттер, мәжіліс залы қарастырылған.
Өз кезегінде, Шымкент қаласының әкімі М.Айтенов: «Қазіргі таңда Шымкент қаласында көрсетілетін 164 мемлекеттік қызметтің 88,1% автоматтандырылған. Бұл жемқорлықты азайтуға, қоғамның мемлекеттік органдарға сенімін арттыруға бағытталған құқықтық-әкімшілік және ұйымдастырушылық шараларды іске асыруға мүмкіндік береді», — деп атап өтті.
Естеріңізге сала кетейік, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің бастамасымен «Аntikor ortalyǵy» еліміздің барлық өңірлерінде ашылып жатыр. Қазіргі таңда 16 сервистік орталық жұмыс істеп тұр.