Шымкент қаласында дәрі-дәрмектерді жоғары бағамен заңсыз сатудың онға жуық жайты анықталды. Дәрі-дәрмектерді пайда табу үшін сатқан азаматтарды Шымкент қаласының Полиция департаменті кезекті рейд барысында анықтады.
Жедел іс-шаралар барысында Әлімқұлов көшесі, бес үйдің ауласында үш қойма анықталды. Онда тексеру барысында полиция қызметкерлерімен шақырылған фармацевт мамандарға қойма иесі дәрі-дәрмектерді сатуға арналған арнайы лицензиясын көрсетті. Алайда бұл лицензия басқа ғимаратқа арналғаны туралы фармацевт мамандар баяндады. Аталған қоймаларда дәрі-дәрмектер заңсыз сақталған. Фармацевт мамандар қоймада анықталған дәрі-дәремкті үш топқа бөліп, әрбір дәрі-дәрмектің қайда қолданылатыны туралы түсінік берді. Бірінші топ – Қазақстан Республикасының аумағында тіркелмеген және сатуға рұқсат берілмеген дәрі-дәрмектер. Екінші топ – респираторлық вирустық ауруларды емдеуге арналған жоғары сұранысқа ие болған дәрі-дәрмектер. Үшінші топ – Қазақстан Республикасында Медицинада тіркеуде тұрған азаматтарға тегін берілетін дәрі-дәрмектер. Сондай-ақ, қоймадағы дәрі-дәрмектердің сақталуына ешқандай жағдай жасалмаған және сақталу талаптарын өрескел бұзып тұрғанын анықтады. Яғни дәрі-дәрмектер емдеу қасиеттерін жоғалтып, адам өміріне қауіпті екенін түсіндірді. Бұдан басқа, қойманың бет жағында дәріхананы белгілейтін жарнамасы жоқ.
Фармацевт мамандарының қатысуымен барлық 229 дәрі-дәрмектердің түрлері айғақты зат ретінде алынды. Барлық анықталған жайттар бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес құқықтық баға берілетін болады.