Шымкентте Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Өңірлік кеңеске мүшелерді сайлау басталды. Үміткерлерден өтініш қабылдау 7 шілдеден басталады. Құжаттарды тапсыру бетпе-бет және онлайн жүйеде жүргізіледі. Бұл жайында Шымкент қалалық Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қабыштаев мәлімдеді.
Үміткерлер қатарында өңірде тіркелген кәсіпкерлер, өзін-өзі реттейтін ұйымдар бар. Сондай-ақ, Кәсіпкерлер палатасынан аккредиттеуден өткен қауымдастық жетекшілері мен қауымдастықтың орындаушы органының өкілдері де өтінім білдірген. Талапқа сәйкес кандидаттар ҚР азаматы болуы шарт. Мұнан олардың өзге әлеуметтік-қоғамдық өмірдегі белсенділігі де назарға алынады.
-Үміткерлердің бизнес тарихының оң болуы да үлкен маңызға ие. Сондай-ақ, облыстық, қалалық мәслихаттардың депутаты болуы құпталады. Заңмен белгіленген тәртіпте өтелмеген немесе алынбаған соттылығының болмауы шарт,-деді Шымкент қалалық Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қабыштаев.
Кандидаттарды таныстыру 7-15 шілде аралағында өтеді. Ал, 16-19 шілдеде үгіт-насихат жұмыстары басталады. Дауыс беру онлайн режимде 20-22 шілде аралығында өтеді деп жоспарлануда. Сайлау жайында ақпаратты 1432 колл-орталығынан алуға болады.