№3 қалалық емханасында «Әл-Біләл» мешітінің имамы Аманжол Қуандықұлы екпе салудан бас тартқан ата-аналармен кездесті,-деп хабарлайды Bozyq.kz.
Жиын барысында дін саласының өкілдері сөз алып, барлық діндерде адамның өмірі мен денсаулығы жоғары бағаланатынын, сол себепті аурудан сақтану үшін екпе қабылдау дінге қайшы еместігін ашып айтты.
“Түрлі аурудың алдын алу үшін егілетін вакцина адам өміріне қауіпсіз. Екпе егуге байланысты ақпаратты интернеттен емес, дәрігерлерден алған жөн. Түрлі инфекцияға қарсы вакцинациялар әуелі құжат бойынша тексерістен өтеді. Одан кейін лабораториялық тексеріс жүргізіледі. Қазақстандағыбарлық вакцина Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының стандартына сай келеді. Сол себепті олардың сапасы жоғары деп айта аламыз. Өз уақытында жасалған вакцинациялау адамды қызылшадан және оның асқынуынан сақтай алады! Ендеше, ата-аналарға балаларына өз кезегінде екпелерін салдыруы керектігін айтқымыз келеді. Сол арқылы балаларымыздың денсаулығын сақтай алатынымызды ұмытпайық”-деді №3 қалалық емхананың бас дәрігері Ақмарал Омар.
Мамандардың айтуынша, 2023 жылдың басынан бастап Қазақстан Республикасында халық арасында қызылша ауруы жиі тіркеле басталған. Бұл жағдай Ресейде, Украинада, Қырғызстанда, Өзбекстанда, Тәжікстанда және Еуропа өңірінің 17 елінде осы аурудың өршуімен байланысты екен.
–Биылғы 5 қазанға дейінгі мәліметті айтар болсақ, Қазақстан Республикасы бойынша қызылшаға күдікпен барлығы 17 мыңнан астам жағдай тіркелген. Оның ішінде Шымкент қаласы бойынша қызылшаға күдіктің 2 749 жағдайы тіркелді. Науқастардың 87 пайызы – балалар. Оның үстіне, олардың шамамен 60 пайызы ата-аналарының бас тартуына байланысты қызылшаға қарсы екпе алмаған, – дейді Шымкент қаласы санитарлық-эпидемиялогиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Тұрымбетова.
Айта кетейік, 2019 жылы – 3 091 жағдай, 2020 жылы – 873 жағдай, 2018 жылы – 8 жағдай тіркелген болса, 2021 және 2022 жылдары Шымкент қаласы бойынша қызылшамен сырқаттанған науқастар тіркелмеген. Алайда, биыл бұл індет қайта өршіп отыр. Сол себепті, «қызылша ауруының алдын алудың ең төте жолы уақытылы вакцина қабылдау»,- дейді мамандар.