Қызылша ауруы бойынша эпидемиялогиялық жағдайдың күрделенуіне байланысты қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков жұқпалы аурулар ауруханасына барды.
Басқарма басшысы ауруханаға жедел жәрдеммен жеткізілген науқас балалардың ата аналарымен кездесіп, проблемаларын тыңдады. Емделушілердің басым бөлігі қабылдау бөліміндегі медициналық қызметті күту уақытының ұзақтығына шағымданды.
Басқарма басшысы қабылдау бөліміндегі жұмыстарды жүйелеу бойынша аурухана бас дәрігері Бақтығали Ережеповке бірқатар тапсырмалар берілді. Нәтижесінде емдеу мекемесіндегі қабылдау бөлімінде қосымша бекеттер қойылып, күнделікті тағы 3 балалар дәрігері кезекшілікпен емделушілерге көмек көрсететін болды.
Сондай-ақ қалалық денсаулық сақтау басқармасының бұйрығымен жұқпалы аурулар ауруханасына көмек көрсету есебінде емханалардан күніне 2-дәрігер жіберілетін болды.
Инфекцияға қарсы күрестің ең қолжетімді және тиімді әдісі вакцинация болып табылады. Қызылшаға қарсы вакциналар 20 жылға дейін сақталатын сенімді иммунитетті қалыптастырады. Вакцинация эпидемиялық жағдайдың нашарлауы кезінде жасалса да, қызылшаның дамуына жол бермейді.
Денсаулық сақтау басқармасы АТА-АНАЛАРДЫ балаларын қызылша ауруынан қорғау үшін вакцина салдыруға шақырады.