Шымкент — жастардың қаласы. Қала тұрғындарының 3/1 жастар. Бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы Мөлдір Кеуенова шаһарда мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылуы жайын сөз етті. Елге есеп берді.
Жастар дегеннен шығады. Шымкентте 5 аудан бар. Қала жастарын сүйемелдеу үшін 4 ауданда жастарға арналған орталық жұмыс істейді. Орталықтар 5 бағытқа бойынша қызмет көрсетеді. Қандай десіз бе? Қазір айтамыз.
-жастарға қызмет көрсету,
— дарынды жастарды қолдау,
— коворкинг қызметі,
шағын кітапханалар мен жастарға психологиялық кеңес беру. Міне, осы 5 бағыт бойынша жұмыс істейді.
–Ең алдымен сапалы білім беруді қамтамасыз ету үшін жастар арасында мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау мақсатында 625 іс-шара ұйымдастырылып, 99 мыңға жуық жас қамтылды. Салауатты өмір салтын насихаттау және патриоттық рухта тәрбие беруде «25 қазан – Республика күнін» орай «Жас жауынгер» әскери-патриоттық сайысы ұйымдастырылды. «Машат-Арасан» демалыс аймағында өткен әскери жарысқа қаламыздағы 12 мектептен 120 оқушы қатысты. Ал, қала мектептеріндегі спорт залдар мен спорттық алаңшалар базасын тиімді пайдалану, жаппай салауатты өмір салтын насихаттау бойынша 352 іс-шара өткізіліп, оған 34 498 жас қатысты. Сонымен қатар, биыл 8 200 жұмыссыз жасты тұрақты жұмыс орындарымен қамту жоспарланып отыр, – деді Мөлдір Тұрсынбекқызы.
Айтпақшы, Мөлдір Тұрсынбекқызы 2024 жылы жаңадан құрылған «Тұран» ауданында да Жастар ресурстық орталығы ашылатынын мәлімдеді. Сөйтті де, қала бойынша волонтерлік бағытта 261 іс-шара ұйымдастырылғанын атап өтті. Оған 20 000 астам жас волонтерлер қатысқан. Қоғамдық жұмысқа тартылған. Бұдан бөлек, әлеуметтік тапсырыс шеңберінде, «Жасыл ел» жобасы жүзеге асырылып, 1500 жас уақытша жұмыспен қамтылған. Бұған енді, қол соғуға болады.
Қазіргі таңда жастар арасындағы ең өзекті мәселенің бірі ол жастар арасындағы есірткі және психотропты заттардың белең алуы. Бұны БАҚ өкілдері аз айтып, кем жазбады. Аталған жағдай бойынша, Басқарма тарапынан нашақорлықтың маскүнемдіктің зияндығын насихаттау бойынша бірқатар жұмыстар атқарылған екен.
«Түнгі қаладағы жастар», «Жасөспірім», «Көше» атты тақырыптарда кең ауқымды кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдер мен жастар арасында заңды өкілдерінсіз түңгі уақытта жүруі бойынша 14 рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылып, жастарға түсіндірме жұмыстары жүргізілді», деді Мөлдір Кеуенова.
Бұл қоғамның терезесі тең емес. Біреу арық, біреу семіз. Қоғамда өз орнын таба алмай жүрген жастар баршылық. Ол құпия емес. Елі ерін, нақтырақ айтсақ жастарын іздегені осы болса керек, шаһарда «NEET санатындағы жастармен жұмыс жүргізу мақсатында жұмыссыз жүрген 29 807 жастың тізімі жасақталып, оқуға түсу және жұмысқа орналасу бойынша ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізіліпті. Қазіргі таңда, 18 823 адамның өтініші қанағаттандылырып, жұмыспен қамтылған.
Біз сұлу сөздерді термелеп, сөзбен сурет салуға жоқпыз. Негізгі салаларға тоқталдық. Ел керегін алар….
Н. Әлімбаев