«АДАЛ ҰРПАҚ» ЕРІКТІЛЕР КЛУБЫ СЛЕТІ ӨТТІ

Бүгін қалалық білім басқармасы және Шымкент қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің бірлескен іс-шара жоспары аясында «Адал ұрпақ» еріктілер клубы мүшелерінің слеті өтті. Жиынға қалалық білім беру ұйымдарының басшылары мен 200-ден аса мектеп оқушылары, «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтарының мүшелері қатысты.

Шараның негізгі мақсаты – жалпы адамгершілік және ұлттық құндылықтар негізінде өскелең ұрпақтың бойына сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және оған қарсы тұра алатын тұлға тәрбиелеу болып табылады.

Жиында сөз сөйлеген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті Превенция басқармасы басшысының орынбасары Нұртөре Қалдыбаев оқушыларды құттықтай отырып, еріктілер ұйымының маңыздылығын түсіндіріп өтті. Ал, Шымкент қаласы білім басқармасы басшысының орынбасары Майра Әбдірайымова бұл слетті оқушылар жыл сайын тағатсыздана күтетінін айтады.

–Елдің ертеңі болашақ ұрпағымызды – кішкентайынан отансүйгіштікке, білім мен еңбекке ұмтылуға, адалдыққа тәрбиелеу парызымыз. Бұл – біздің халқымыздың бойында ежелден бар қасиет. Сондықтан әрбір ата-ана, әрбір ұстаз балалар үшін лайықты үлгі болуға, нағыз қастерлі қасиеттерді таңдауға көмектесуі қажет. Бүгінгі слет республика бойынша барлық мектептерде өтіп жатыр. Оқушылар іс-шара аясында білім беру ұйымдарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті жүргізуде қандай ой, ұшқыр идея ұсына алады? Міне осы тақырып аясында эссе жазды, сурет салды, өлең оқыды, – деді М. Әбдірайымова.

Іс-шара барысында «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтары оқушылары арасында шеру, қолөнершілер көрмесі, сурет салу, эссе жазу, дебат, бейнеролик конкурсы өтіп, оқушылар салтанатты түрде ант қабылдаумен «Адал ұрпақ» еріктілер тобына қосылды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *