Бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков биыл футболдан Ел чемпионатының жеңімпазы болған «Ордабасы» клубын салтанатты түрде құттықтады.
Марапаттау кешінде қала басшысы ыстық ықыласын жеткізді.
— «Ордабасы» кәсіби футбол командасы өз тарихында тұңғыш рет Қазақстан чемпионы атанды. Бұл — біздің қаламыз үшін маңызды жеңіс. Сіздерді тарихи жетістіктеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Осы жеңістің арқасында Чемпиондар лигасының іріктеу ойындарына жолдама алып отырмыз, — деді қала әкімі.
Сонымен қатар, қала басшысы: «Ордабасы» командасының әр ойынында стадионымыз жанкүйерге толды. Бұл — қала тұрғындарының футболға деген қызығушылығы артқандығының белгісі. Осы жеңіске жанкүйерлеріміздің осылай қолдау көрсетуінің арқасында жеткенімізді атап өту қажет», — деп, жанкүйерлерге ризашылығын білдірді.
Сондай-ақ қала әкімі «Ордабасы» ойыншыларына УЕФА Чемпиондар лигасындағы кездесулеріне сәттілік тілей отырып, ел намысын қорғап, Шымкент қаласының мәртебесі мен мерейін асыратындарына сенім артты.
«Көрме» орталығында өткен салтанатты кеште бас бапкер мен жаттықтырушылар арнайы марапатталды.
Айта кетейік, «Ордабасы» кәсіби футбол командасы 1992-ші жылы құрылды. Өз тарихында тұңғыш рет Ел чемпионатының жеңімпазы болды. Ел біріншілігінде топ жарған «Ордабасы» клубы енді келесі жылғы УЕФА Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде өнер көрсетеді.