Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Қазақстанның 11 қаласындағы әуежайларда «ашық аспан» режимін енгізу басталғанын хабарлады. Министрліктің айтуынша, «Ашық аспан» режимін енгізу туризмнің дамуына, «Астана» халықаралық қаржы орталығының көліктік қолжетімділікті арттыруға, жаңа шетелдік тасымалдаушыларды тартуға, жаңа халықаралық бағдарлардың ашылуына, авиабилеттер құнының төмендеуіне және әуе көлігінің халықтың қалың тобына қолжетімді болуына ықпал етеді.
Ведомство таратқан мәлімдемеде: «1 қарашадан бастап Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау, Қарағанды, Өскемен, Павлодар, Көкшетау, Тараз, Петропавл, Семей қалаларының әуежайларында рейстердің саны бойынша шектеулерді алып тастауды және қазақстандық тасымалдаушылар жүзеге асырмайтын бағыттар бойынша шетелдік авиакомпанияларға 5 дәрежелі «ауа еркіндігін» ұсынуды көздейтін «ашық аспан» режимі енгізіледі», — делінген. Халыққа жолдауында әуе билеті бағасының қымбат екенін айтқан президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы мәселені шешу жөніндебұйрық берген болатын. Кейіннен сол кездегі ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр президенттің «ұшақ билеті қымбат» деген сынына қатысты мәселенің реттелетінін айтқан. Ал 7 қазанда өткен Үкімет отырысында премьер-министр Асқар Мамин отандық әуежайларда шетелдік авиакомпаниялар үшін «ашық аспан» режимін ұсыну жұмысын белсенді жүргізуді, сонымен қатар, «Самұрық-Қазына» қорына 2020 жылы мемлекеттік холдингтің басқаруындағы авиакомпаниялардың әуе кемелері паркін ұлғайтуды және олардың ұшу географиясын кеңейтуді қамтамасыз етуді тапсырған.
«The Qazaq Times» |