Елімізде 500 мыңға жуық адам зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейді. Жыл сайын 2 мыңға жуық адам жұмыс барысында жарақат алады. Оның ішінде 200-ден астам адам мерт болады. Бұл көрсеткішті өндірістік процестерді автоматтандыра отырып, қауіпсіздік техникасы деңгейін арттыру есебінен азайтуға бола ма? Болады.
Шымкентте «Еңбек күні» мерекесі қарсаңында әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссияның отырысы өтті. Жиынға Шымкент қаласының әкімі Ғ. Сыздықбековтің тапсырмасына сәйкес қала әкімінің кеңесшісі М.Маханбетов қатысты,-деп хабарлайды Bozyq.kz.
Комиссияның отырысында әлеуметтік әріптестік шеңберінде еңбек қатынастарын, оның ішінде кәсіподақ қызметін реттеудің бірқатар маңызды мәселелері айтылды.
Кәсіподақ бірлестіктері мен кәсіпкерлер және заңды тұлғалар бірлестігі арасындағы 2024-2026 жылдарға арналған өңірлік келісім сөз болды. Сонымен қатар Шымкент қаласының аумағында еңбек қатынастары саласының және қауіпсіздігінің жағдайы, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғаудағы озық тәжірибелер талданды.
Жиында Шымкент қаласы мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бауыржан Қалжанов қаладағы жағдайды баяндап, Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасындағы еңбекті қорғаудың жаңа идеологиясы: кәсіптік тәуекел дәрежесі бойынша жеке қорғаныс құралдарын таңдау, сақтандыру тарифтері, әлеуметтік кепілдіктер, еңбекті қорғау саласындағы кәсіптік құзыреттерді дамыту, мемлекеттік бақылау-кәсіптік тәукелдерді басқару туралы түсіндіріп өтті.
Сондай-ақ, қаладағы бірнеше компания өкілдері “Қауіпсіз еңбек жылы” аясында, тұжырымдама бойынша атқарылатын жұмыс жоспарлары мен тәжірибелерімен бөлісті.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының «Әділ Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа Жолдауында Үкіметке еңбек қаіпсіздігі саласында қалыптасқан проблемаларды кезек күттірмей реттеуді тапсырған болатын. Нәтижесінде, елімізде 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы қабылданды. . Ол 4 бағыттан тұрады. Олар – тәуекелге бағдарланған тәсіл негізінде еңбекті қорғаудың ұлттық жүйесін жаңғырту, жұмыс орындарында тәуекелді төмендету жөніндегі шараларды экономикалық ынталандыру, кәсіби құзыреттер мен ғылыми әлеуетті дамыту, сондай-ақ еңбекті қорғау саласындағы бақылау мен мониторингтің тиімділігін арттыру.