Қазақстан өзбектері этномәдени бірлестіктерінің «Дустлик» қауымдастығы мемлекеттік саясат аясындағы жұмыстарға белсене атсалысып, жас буынды Қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеуге үлес қосуда. Бұл бағытта «Мемлекеттік тіл – халықтар достығының дәнекері», «Әдеби достық – мәңгілік достық» сынды жобаларды іске асырып келеміз.
Ассамблеямен бірлескен жоспар аясында Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан халықтары арасындағы бірлікті бекемдеуге үлес қосып, жыл сайын бауырлас елдерге ортақ тарихи тұлғаларға арналған халықаралық деңгейде ғылыми-практикалық конференциялар ұйымдастырып, мәдени байланысымызды жаңа деңгейге шығаруға атсалысудамыз.
Бүгінде экономикалық байланыстар гуманитарлық әріптестікпен жалғасын тауып, білім, мәдениет, руханият салаларында өзара сенім мен құрметке негізделген ынтымақтастығымыз артып келеді.
Әл-Фараби, Ибн Сина, Әлішер Науаи, Абай Құнанбайұлы, кейінгі Шыңғыс Айтматов сынды түркі әлеміне ортақ тау тұлғалардың еңбектері бізді бөлуге емес, бірігуге шақыратынын жадымыздан шығармағанымыз абзал.
Баршаңызға мәлім, мейманды ақ ниетпен, шынайы пейілмен қарсы алатын шымкентіктер қадірлі қонағын алдымен дастархан басына шақырады.
Біз үшін дастархан киелі ұғым, ол – берекенің басы. Мәдениеттің өзегі болған осы құндылықты дәріптеу бағытында «Дустлик» қауымдастығы соңғы 13 жылдан бері «Достық дастарханы» жобасын іске асырып келеді. 2022 жылдан бері «Шымкент палауы» деген атаумен өтіп келе жатқан халықаралық жобаның мақсаты – ас ішіп, ыдыс босату емес.
Біздің мақсат – елдегі бірлік пен достықтың көрінісін гастрофестиваль арқылы насихаттау. Бір дастархан басында барша ұлт өкілдері отырып, бас қосатынын жұртшылыққа паш ету.
Мемлекет басшысы айтқандай: «Ұлы істер шағын әрекеттерден басталады». Сол сияқты кішігірім қадамдар ауқымды өзгерістерге жол ашады». Осы орайда, бірлік, достық, қонақжайлық сынды құндылықтардың арқасында біздің ортақ үйіміз Қазақстанда – бейбітшілік пен қоғамдық келісім сақталып отыр. Бейбіт заман мен бірліктің қадірін білу, байыпты бағамдау сіздер мен біздерге жүктеліп отырған аса жауапты міндет екенін ұғынуға тиіспіз.
Күлтегін бабамыздың «Тату елге тыныштық пен тоқшылық нәсіп» дейтін нақыл сөзі бар. Ежелден туыстас қазақ пен өзбек жұрты Тұранды мекен етіп, қиыншылықты да, қуанышты да бірге көрді. Бауырлас халықтар іргелес жатқан көрші ғана емес, етжақын ағайын халық.
Біздің тарихи тағдырымыз да, арман-мұратымыз да ортақ. Туыстығымыз тіл жақындығынан тамыр тартып, дәстүрімізбен жалғасып, салт-санамызбен қабысып келеді.
Екі ел арасындағы стратегиялық әріптестік осыдан 31 жыл бұрын Ордабасыда өткен елдік жиында қабылданған «Мәңгілік достық туралы» келісіммен нықталған.
Тәуелсіздік жылдарында қос елдің Тұңғыш Президенттері талай толымды кездесулер өткізіп, бауырластықтың бүтіндігін, көршілік байланыстың кемелдігін көрсетті.
Татулықты ту еткен байланыстар да бекіп, биік дәрежеге көтерілді. Осы игі істердің іске асуына Ассамблеяның да үлесі бар деп білемін. Себебі, Ассамблеяның ұйытқы болуымен достықты мұрат еткен бастамалары бүгінде өз жемісін беріп келеді.
Бөлінуге емес, бірігуге бастайтын, даралыққа емес, достыққа жетелейтін осындай мазмұндағы дүниелер бауырлас елдердің туын көкке көтеріп, мерейін арттырады. Бұл тұрғыда біздің бірлікке негізделген пейіліміз уақыт тезімен сыналып, барынша беки түседі деп білемін.
Жұртымыз тыныш, аспанымыз әрдайым ашық болсын!
Икрам Хашимжанов,
Қазақстан өзбектері этномәдени бірлестіктері «Дустлик» қауымдастығының төрағасы.