Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінде «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» тақырыбында жиын өтті.
Кеңестік дәуірде жүргізілген саяси қуғын-сүргін салдарынан зардап шеккендер мен Алаш ардақтыларының айрықша еңбектері айтылған жиынға жиналған «Ассамблея жастары» ұйымының белсенділері алдында Ө.Жәнібеков атындағы ОҚМУ доценті, қалалық түрік этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары А.Құрбанов, жазушы, қалалық ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесінiң мүшесі С.Исақов, Абай атындағы Шымкент қаласының орталықтандырылған №2 кітапхана бөлімшесінің меңгерушісі А.Сламбекқызы, қалалық қуғын-сүргін құрбандары музейінің аға ғылыми қызметкері Б.Нуркулова, қалалық неміс этномәдени бірлестігінің төрағасы И.Бахман, қалалық шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Р.Матаев, қалалық татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің мүшесі Н.Хузеева, журналист Б.Қалбыр арнайы қатысып, жастар алдында сөз сөйлеп, тарихтың ақтаңдақ беттеріне тереңнен тоқталды.
Музейдегі құнды жәдігерлермен танысқан жастар өткен тарихтың ақиқаты мен тарихи оқиғалардың шындығы туралы тыңдап, Алаш ардақтыларының еңбектері мен шығармалары жайында білімдерін арттырып қайтты.
Айта кетейік, қазақ халқының басынан өткен ең бір зұлмат-зобалаң кезең – 1932-1933 жылдардағы ашаршылық пен 1937-1938 жылдардағы саяси қуғын-сүргін кезінде 3 миллионға жуық қазақ құрбан болды. Ал, 103 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырап, 25 мыңнан астамы еш жазықсыз атылды. Осынау қиын кезеңде қазақ халқы ұлттың тең жартысынан һәм бас көтерер батырларынан бірдей айырылып, сансырап қалды. Қанды қырғынның тыртығы тарих қатпарында мәңгіге сақталары сөзсіз.