Қазір әлем түрлі қауіптермен бетпе-бет келіп тұр. Экологиялық қауіп-қатер, ғаламдық жылыну, энергия көздерінің жетіспеуі деп кете береді. Олардың көп бөлігі бір-бірімен тығыз байланысты. Алысқа ұзамай, бірнеше онжылдықта жетіп келер қауіптердің бірі – электр энергиясының тапшылығы екенін айту керек. Бұл қауіптен Қазақстан да сақтандырылмаған. Бірақ, АЭС салып алып, қамданып отырсақ, дүниеміз түгел болар еді-ау деген ой бар. Заманынан бір қадам алда жүрген елдерге қызығып отыра бермей, біз де батыл шешім қабылдап, тәуекел етуіміз керек шығар.
Саралап қарасаңыз, бұл қадам экономикалық тұрғыдан да қажетті шара. Неге олай екенін саралап көрсек… Атом энергетикасы тұрақты энергия өндірудің негізгі көзі, әрі ол тұтынушыларды 60 жылдан астам уақыт бойы тұрақты, әрі сенімді энергиямен қамтамасыз етуге қауқарлы. Оның үстіне АЭС «жасыл» энергияның көзі. Мамандардың айтуынша қуаты 1 000 МВт АЭС жұмысы жыл сайын парниктік газдарды 4 млн тоннаға азайтады. Бұл экология үшін айтарлықтар жақсы құбылыс.
Сонымен қатар, атом энергетикасы ғылым мен білімнің дамуына да ықпал етеді, атом энергетикасымен байланысты салаларда қосымша сан түрлі жаңа жұмыс орындары ашылар еді. Қарап тұрсақ, экономикалық, экологиякалық және әлеуметтік тұрғыдан да пайдасы зор. Осының бәрін ескере отырып, АЭС салуға қарсылық танытқанша, оның барынша тиімді тұстарын саралағанымыз жөн бе деймін.
Әрі Қазақстан – әлемдегі ең ірі уран өндіруші мемлекет деп мақтанатынымыз бар (Уран мен АЭС-тің байланысы не десеңіз, АЭС уранмен жұмыс істейді). Уран өндіруден әлемде бірінші орында болсақ, уран қоры бойынша екінші орындамыз. 2018 жылдан бастап уран сату көлемі бойынша да әлемде бірінші орынға шықты. Елімізде жыл сайын 20 мың тоннадан астам уран өндіреді. Бұл – әлемдегі бүкіл уран өндірісі көлемінің шамамен 40-ы. Ал осында уран қоры бола тұра, арзан әрі қауіпсіз энергия көзін пайдаланбау – қолда бар алтынның қадірін білмеу сияқты.
Қазіргі таңда әлемнің 32 елінде 440-тан астам ядролық реактор бар, оған қоса 20-ға жуық мемлекет өз аумағында атом электр стансасын салу мүмкіндігін қарастырып отыр. Олардың арасында біз де бармыз. Сонымен қатар Чили, Индонезия, Алжир, Филиппин, Эфиопия, Сенегал сияқты мемлекеттер де бар.
2023 жылғы халыққа жолдауында Президент атом энергетикасын дамыту аса маңызды экономикалық әрі саяси мәселе екенін айтқан болатын. Алайда, аталмыш сұраққа қатысты түрлі пікір бар, кейбіреулер орың салдарынан қорқып, құрылысқа қарсы болып отыр. Осыны ескеріп, Қазақстан президенті АЭС құрылысы бойынша қоғамдық тыңдаулар, егжей-тегжейлі, кең ауқымды талқылаулар жүретінін айтқан еді. Осы күзде осы мәселе бойынша референдум жоспарланған.
Себебі, атом электр стансасын салу немесе салмау – еліміздің болашағына қатысты аса маңызды мәселе. Сондықтан, оны жалпыұлттық референдум арқылы шешкен жөн деген болатын.
Бұл қоғам мен ел үшін маңызды сұрақ болғандықтан қазір қалаларда қоғамдық талқылаулар өтіп жатыр. Қазірдің өзінде Жезқазған, Көкшетау, Қостанай, Петропавл, Өскемен, Тараз, Түркістан, Шымкент қалаларында жұртшылықтың қатысуымен қоғамдық тыңдаулар өтіп үлгерген.
М. Рақай
Фото: fruitnice.ru