«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Дүйсенбекұлы Үмбетәлиевтің жетекшілігімен партияның өңірлік филиалының кеңейтілген аппарат мәжілісі өтті. Қызмет көрсеткіштері бойынша бірінші жартыжылдықта атқарылған жұмыстардың қорытындысы шығарылып, алдағы міндеттер межесі белгіленген жиынға партияның өңірлік филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, бөлім меңгерушілері мен жауапты қызметкерлер, аумақтық партия филиалдарының төрағалары мен атқарушы хатшылары қатысты.
Партияның өңірдегі жауапты өкілдері бас қосқан жиында «Қарызсыз қоғам» жобасының іске асырылуы, тұрғындардың қаржылық сауатын көтеруге арналған оқу курстарының аудан, қалаларда ұйымдастырылуы мәселесі ерекше қаралды. Жоспардың орындалу көрсеткіштері бойынша хабарлама жасаған партияның өңірлік филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Полат Тұрсынбаев, жыл басынан бері аталған курстарда 7033 жерлесіміз оқу бағдарламасы шеңберінде білім алғанын жеткізді. Бұл бағыттағы жылдық жоспар 67 пайызға орындалғанын мәлімдеді.
Дегенмен, Бәйдібек, Ордабасы, Төлеби, Созақ аудандарында және Кентау қаласында, «Қарызсыз қоғам» жобасы аясындағы оқу курстарына тұрғындарды қамту бойынша жұмыстарды ширату керектігін ескертті. Күн тәртібіне қойылған мәселе жөнінде хабарлама жасаған «Ұлы дала» қауымдастығының Түркістан облысы бойынша менторы, лектор Жандос Әзімбай, аумақтық партия филиалдарының төрағалары мен атқарушы хатшыларына жобаның тиімділігін көрсететін ақпараттық жұмыстарды белсенді атқаруға шақырды.
Жұмысты жүйелеу, орындаушылық тәртіпті күшейту, берілген тапсырмалардың орындалуын қамту, партиялық қызметті тиімді ұйымдастырудың жаңа әдістері мен тәсілдерін енгізу мәселелері бойынша партияның өңірлік филиалы жанынан құрылған зерделеу тобының жетекшісі, партиялық бақылау инспекторы Асқар Еркінбеков хабарлама жасады. Мәжілісте партияның өңірлік филиалында құрылған жұмысшы топ өкілдері аумақтық партия филиалдарының жұмысын саралап, бағалау жүргізгені мәлімделді. Аудандар мен қалаларда партиялық қызмет бағыттары бойынша жүргізілген талдау нәтижелері баяндалып, көрсетілген әдістемелік көмектер туралы мағлұматтар берілді.
Партияның өңірлік филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Полат Тұрсынбаев жиынға қатысушыларды биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша түзілген бағалау нәтижелерін баяндап, жұмысты одан әрі ширату, қызмет тиімділігін арттыру бағытындағы ұсыныстарын білдірді. Партияның Сайлауалды бағдарламасын Түркістан облысында іске асыру жөніндегі Жол картасында қамтылған міндеттердің орындалуы бойынша партияның өңірлік филиалы саяси жұмыстар бөлімінің меңгерушісі Бекзат Билалов хабарлама жасап, аудан, қалалар кесіндісінде партияның ерекше бақылауына алынған индикаторлық көрсеткіштерді баяндады.
Ал, партия филиалы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының жетекшісі Жансерік Жұман облыстың барлық тұрғындарының үлесінде, жастар жалпы халықтың 30 пайызын құрайтынын айта отырып, олардың әлеуетін партия айқындаған міндеттер шеңберіне біріктіру маңызды екенін айтты. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, жастарды жұмыспен қамту, олардың бастамаларына қолдау көрсету, белсенді жастар партия құрылымдары тарапынан түрлі марапаттаулар мен ынталандыруларға ұсынылуы керектігіне назар аударды.
Жиын қорытындысымен партия жақтастарының санын арттыру, тұрғындармен етене байланыста жұмыс жүргізу, бастауыш ұйымдардың жұмыс белсенділігін арттыру міндеттері жан-жақты пысықталды. Әр аймақта партиялық жобалар бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды жүйелеу, хаттамалық тапсырмалардың орындалуын үйлестіру, партиялық фракция мүшесі болып табылатын депутаттық корпуспен бірлескен жұмыстарды атқару, қоғамдық қабылдаулар өткізу үрдістерін жалғастыру, ақпараттық белсенділікті арттыру міндеттері белгіленді.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі