Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығындағы жалпы өнімінің көлемін 2 есеге ұлғайту жөнінде тапсырма берген болатын. Бұл бағытта Түркістан облысында ауқымды жұмыс жүруде. Өңірде жалпы өнім көлемінің өсімі 107,1 % құрап (216,9 млрд. теңге), республикада бірінші орынға шықты.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжілісте саладағы түйткілдер тарқатылды. Жауаптыларға тапсырмалар берілді. Өңір басшысы шаруаларға тиісті тыңайтқыштарды уақтылы үлестіру, түсіндіру жұмыстарын жүргізу, су үнемдеу технологияларын енгізу, салаға инвестиция тарту бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.
– Өнімділікті арттыру үшін су үнемдеу және басқа да жаңа технологияларды енгізу маңызды. Әрбір аудан әкіміне су үнемдеу технологиясын енгізу бойынша индикатор белгіленіп, нақты жоспар берілсін. Бөлінген тыңайтқыштар туралы да шаруаларға ақпарат беріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізіңіздер. Бұл қолдауды тиімді пайдалану керек. Көрсеткіші төмен аудандардағы жауапты басшыларға тиісті қызметтік шара көріледі. Ізденіңіздер, ауыл шаруашылығына инвестиция тартыңыздар. Бұлай жасамасақ, өңірдің әлеуеті көтерілмейді. Ауыл шаруашылығы саласындағы техникаларды жаңарту жұмысын да жандандыру қажет, – деді Дархан Сатыбалды.
Сосын ауыл шаруашылығында көрсеткіші төмен аудан, қала әкімдеріне сын-ескертпе айтты.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің жол картасына сәйкес, 2024 жылы 156,3 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізу жоспарланды. Бүгінгі күнге 97,9 мың тонна минералды тыңайтқыш сатып алынған. Тауар өндірушілерді қолдауға облыстық бюджеттен 7 млрд. теңге қаржы бөлініп, толық игерілді.
Жартыжылдыққа 13 мың гектарға су үнемдеу технологиялары енгізілді. Оның ішінде, 8,1 мың гектарға тамшылатып, 4,9 мың гектарға жаңбырлатып суару технологиялары орналастырылған.
Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары өткен жылдан 3,4 мың гектарға ұлғайып, 873,6 мың гектарға егілді. Рентабельді дақылдарға өтуге басымдық берілуде. Атап айтқанда, масақты дақылдар 8 мың гектарға (281 мың. га) малазықтық дақылдар 6 мың гектарға (230 мың. га) көкөніс, картоп, бақша дақылдары 3 мың гектарға (129 мың. га) артығымен орналастырылса, мақта дақылының егіс алқабы 11 мың гектарға (100 мың. га), майлы дақылдар 6 мың гектарға (77 мың. га) қысқартылған. Сонымен бірге облыстың бірнеше ауданында қант қызылшасы егіледі.
Облыстың ерекшелігіне орай, астықты ору науқаны қарқынды жүргізілуде. Бүгінгі күнге 282 мың гектардың, 220 мың гектары орылып, 25,2 центнерден 554,0 мың тонна өнім жиналды. Жалпы 716 мың тонна дән жинау күтіліп отыр. Биыл 3,5 млн. тонна көкөніс, бақша, картоп өнімдері жиналады деп жоспарланған.
Мәжілісте облыста мақта кластерін дамыту барысы да талқыланып, «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның басқарма төрағасы Файзулла Байдуллаевтың баяндамасы тыңдалды. Облыста «Мақта өсіру және толық өндірістік тізбекті кластер құру» жобасының І кезеңі жүзеге асуда. Тамшылатып суару тәсілімен 1200 гектарға элиталы мақта сұрыптары егілген. 1 гектардан 60 центнер, жалпы алқаптан 7 000 тоннадан астам өнім алынады деген болжам бар. Тұрақты 40 жұмыс орны ашылған. Болашақта жобаның ІІ кезеңін жүзеге асыру және зауыттар ашу арқылы өңірде мақтадан 9 өнім түрін өндіру көзделіп отыр.