Биыл Шымкентте 426 адамға грант беру жоспарланған. Бірақ 428 адамның бизнес-жобасы мақұлданып, қайтарымсыз қаржы берілген. Жоспар артығымен орындалған. Қалай дейсiз ғой. Мiне, былай. Комиссия өкілдері 400 АЕК-ке дейінгі қаржыны оңтайландырып, тағы екі адамға грант тағайындау мүмкіндігін жасапты. Бұл туралы брифингте Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева мәлімдеді.
«Комиссия құрамында қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының мамандары, қала мәслихатының депутаттары, қоғамдық бірлестік өкілдері, журналистер, қалалық қоғамдық кеңес мүшелері және кәсіпкерлер болды. Грант алуға екі лекте жалпы 2 426 адамнан өтінім түсті. Комиссия мақұлдаған бизнес-жобалардың 44-і мал және құс шаруашылығы, 100-і қызмет көрсету салалары, 56 жоба кондитер және нан өнімдері, 84-і тігін, 31 жоба жартылай фабрикаттар, 8-і жиһаз өндірісі, 62 жоба өндіріс саласы және 43-і қоғамдық тамақтану орындары іске қосу жобасын құрады»,-деді спикер.
400 айлық есептік көрсеткіш 1 476 800 теңгені құрайды. Қайтарымсыз грант қаржысына несиені өтеп, жылжымайтын мүліктерді сатып алуға және акцизделетін өнімдерді өндіруге болмайды. Қысқасы, қайтарымсыз гранттың да сұрауы бар.
Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева нақты материалдық жағдайын жасыру арқылы, заңсыз атаулы әлеуметтік көмек алғысы келетіндердің қатары әлі де азаймай тұрғанын айтады. Бұл бағытта тиісті жұмыстар қолға алынғанын мәлімдеді.
«2023 жылдың 7 айында 11 089 отбасындағы 56 199 адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған болатын. Биыл 7 айдың қорытындысымен 7 797 отбасындағы 40 419 адамға атаулы әлеуметтік төлем жасалды. Қаламыздағы халықты жұмыспен қамту шараларының нәтижесінде атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылар өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 29,7 пайызға азайып отыр»,-деді спикер.