“Amanat” партиясы Шымкент қалалық филиалының ұйымдастыруымен кезекті “Таза бейсенбі” шарасы өтті. Тазалық акциясына партияның қалалық, аудандық филиалдары, Жастар ресурстық орталығы және бірқатар қоғамдық бірлестіктердің өкілдерінен құралған 100-ден астам адам қатысты.
Бұл жолы акция қатысушылары “Шымсити” мөлтек ауданының аумағында тазалық жұмыстарын жүргізді. Ондағы көшелер күл-қоқыстан тазартылып, бейберекет өскен шөптер мен қураған ағаштар жиналды.
Аталған шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған “Таза Қазақстан” жобасы аясында ұйымдастырылып отыр. Экологиялық жиын маусым айынан бері әр бейсенбіде тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бүгінге дейін жалпы қала аумағынан 15 тоннадан астам қоқыс шығарылған. Тазалық жұмыстары алдағы уақытта жалғасын табады.
Айта кетейік, экологияны қорғау, тазалықты сақтау, туған жерді көркейту мен көгалдандыруға баса мән беру ниетімен Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық науқаны бастау алды. Оның аясында байтағымыздың әр қиырында өзіміз өмір сүретін қоршаған ортаны тазартуға бағытталған кешенді жұмыстар қолға алынды, қалаларымыз бен ауыл-аймақтарда санитарлық тазалық жұмыстары күшейтілді, табиғатты жүйелі қамқорлыққа алу іс-шаралары бекітілді, жасыл желек қорын ұлғайту басымдыққа ие мәселеге айналды.
Мемлекет басшысының өзі ұйытқы болған науқанға «AMANAT» партиясы қолдау білдіріп, партияластарымыз бұл бастаманың жалпыхалықтық сипат алуы бойынша бірнеше бағытта жұмыстар атқаруды қолға алды. Аманаттық өкілдер экологиялық мәдениетті қалыптастыруда 5 негізгі бағытта жұмыс атқаруға кірісті. Оның ішінде, экология саласындағы заң нормаларын шығару қызметін атқару, «Таза бейсенбі» экологиялық акциясын тұрақты өткізу, «ТАЗА QAZAQSTAN» Road-эстафетасының бастау алуы, Қазақстанның тарихи, мәдени және табиғи мұрасын вандализм көріністерінен қорғау жөніндегі қоғамдық науқанын ұйымдастыру, жасыл волонтерлікті қолдау міндеттері бар.