Арыс қаласында АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб өкілдері спорт саласының қызметкерлерімен жүздесті.
Онда штаб өкілдері Мемлекет басшысының халыққа Жолдауынан туындаған мақсат-міндеттерді баяндап, қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді. Штаб басшысы Бақтығали Ділдәбеков АЭС құрылысының маңызы мен қажеттілігін түсіндіріп, сонымен қатар АЭС құрылысы елдің экономикасы мен энергетикалық қуатын арттыратынын тілге тиек етті.
«Бүгінде Жасыл энергияны пайдалану дамыған елдерде қарқынды жүзеге асуда. АЭС құрылысын жан-жақты зерттеген ғалымдар бірнеше саты қорғаныс қабатын қалыптастырған. Атом энергиясы арқылы еліміздің әл-ауқаты түзеліп, мыңдаған жұмыс орындары ашылып, жаңа маман иелерін дайындауға ықпал етеді және болашақта электр тапшылығын шешудің бір ден бір жолы», – деп атап өтті, Бақтығали Сәрсенбекұлы.
Сондай-ақ, Мақтаарал ауданында да АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб мүшелері Мырзакент спорт кешенінде аудан спортшыларымен кездесу өткізіп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Штабты Мұхтар Сәрсенов бастап барды. Олардың қатарында аудандық мәслихат депутаттары, экологтар және тағы басқа сала мамандары бар. Кездесуде атом электр станциясын салу бойынша 6 қазанда өтетін референдум туралы талқыланды.
Кездесулер барысында спортшылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, тұшымды жауабын алды, өзара пікір алмасты.