ТАБИҒАТҚА – МЕЙІРМЕН, БОЛАШАҚҚА – ПЕЙІЛМЕН ҚАРАУ ҚАЖЕТ

«AMANAT» партиясы  «World Cleanup Day» — Дүниежүзілік тазалық күні акциясына «Таза бейсенбі» апталығын ұйымдастырды.   Төлеби ауданындағы қасиетті жер – Ғайып Ерен Қырық Шілтен табиғи ескерткіштер кешенінде тазалық жұмыстары жүргізілді. 

Тылсым сырға толы киелі мекен оңтүстік өлкедегі ең танымал туристік бағыттардың бірі. Мұнда келетін экскурсиялық топтардың санында есеп жоқ, қысы-жазы дамыл таппайды. Адам қарасы үзілмейтін, келім-кетімі көп аймақтың тазалығын қамтуға бүгін аманаттықтар жұмылды.

Тылсым табиғаттың иіріміне бойлайтын аймақтың ажарын сақтауға күш біріктірген азаматтарды «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев бастап келді. Туған жердің табиғатына қамқорлық көрсетіп жатқандардың арасынан облыстық, аудандық мәслихаттардың депутаттары, аудандық партия филиалының қызметкерлері, бастауыш ұйымдардың өкілдері, партиямыздың байырғы мүшелері, ел жанашырлары, мансап орталығының қызметкерлері, ауыл белсенділері, жанашыр жастарымыз табылды.

«Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясына партияластарымыз жаңа леп беріп, тазалық жұмыстарын облысымыздың тарихи-мәдени орындарында өткізуді қолға алды. Түркістан облысында ғажайып орындар жетерлік, киелі мекеніміздің әрбір тасы – тұнып тұрған тарих. Біздің партияластар бұған дейін, «Таза бейсенбі» акциясын «Ақбура», «Ысмайл ата» кесенелерінің аумағында өткізсе, бүгін сіздермен «Ғайып Ерен Қырық Шілтен» әулиелі орнында кездесіп отырмыз. Қоршаған ортаға бей-жай қарамайтын барша облыс тұрғындарын қатарымызға қосылып, туған жерімізді көркейтуге шақырамыз!», — деді Алтынсары Дүйсенбекұлы.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *