Биыл Түркістан облысында су үнемдеу технологияларын жаңадан 22 мың гектарға орналастыру жоспарланған. Бүгінде жоспар 69 % орындалған. Нақтырақ айтсақ, 9 563 гектарға тамшылатып, 6 028 гектарға жаңбырлатып суару технологиялары ендірілген. Аталған саладағы жұмыстар Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен жиналыста кезекті рет талқыланды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жауаптыларға нақты тапсырмалар берілді.
– Су үнемдеу технологияларын енгізу жоспарын орындап қана қоймай, осы бағыттағы жұмыстарды жүйелеу керек. Әр аудан, әр алқаптардағы егістікті біркелкі ету маңызды. Мәселен, бір аумақта түгел мақта егіп, бір аумақты басқа да дақыл егуге мамандандыру маңызды. Сонда ғана су үнемдеу технологиясы толық жемісін беріп, түсім де, табыс та артады. Одан кейін бір көкөністі немесе дақылды егуге маманданған аудандарда өнімді терең өңдеу зауыттарын ашу маңызды. Осылайша, өнімді өсіруден бастап, оны өңдеу, экспорттау бойынша тізбек қалыптасады. Жауапты басқарма мен аудан, қала әкімдері су үнемдеу технологиясын енгізумен қатар егетін дақылды анықтау, сапалы сұрыптарын ұсыну, өнімділікті арттыру бойынша сүйемелдеу жұмыстарын жүргізсін. Біздің мақсат – суды үнемдеу арқылы су тапшылығы мәселесін шешу және өнімділікті арттыру, – деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.
Облыс әкімі суармалы жері көп, мақта егетін Жетісай, Шардара, Мақтаарал аудандары әкімдеріне су үнемдеу технологияларын енгізу, егістікті біркелкі ету, әр аймақты бір дақылға мамандандыру бойынша жоспар жасап, экономикалық тиімділігін дәлелдеуді тапсырды. Жоспарды орындауды кешіктіріп жатқан аудандардың әкімдерінің есептері тыңдалып, жұмысты жандандыру жүктелді. Сонымен бірге шаруалармен тұрақты кездесіп, түсіндіріп, оларды ірілендіру керектігін жеткізді.
Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақовтың айтуынша, жалпы облыста су үнемдеу технологияларын қосымша 8391 гектарға ендіру жұмыстары жүргізілуде. Жыл қорытындысымен 23 982 гектарға ендіріліп, жоспар артығымен орындалады деп күтілуде. Биыл өңірде су үнемдеу технологияларын шығаратын 3 жаңа зауыт ашылып, жұмысын бастады. Олар – «TURAN SU» МКК-нің жылына 9000 гектар жерді тамшылатып суару жобасы, «BNK Group LTD» ЖШС-нің жылына 1000 даңа жаңбырлатып суару технологиясын шығару жобасы және осы компанияның жылына 14 мың гектарға тамшылатып суару технологиясын шығару жобасы. Үш жобаның жалпы құны – 12,5 млрд. теңге, 85 жұмыс орны ашылған. Кәсіпорындардың жылдық қуаттылығы 73 мың гектарды қамтиды. Сонымен қатар келер жылы Отырар мен Мақтаарал аудандарында да осы бағыттағы кәсіпорындар ашылмақ. Облыста су үнемдеу технологияларын ендіру, өнімділікті арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасады.