АЭС САЛУДЫҢ БІРНЕШЕ СТРАТЕГИЯЛЫҚ МІНДЕТІ БАР

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әли Бектаев және Парламент Мәжілісінің депутаты Ұласбек Сәдібеков бастаған Халықтық штабтың өкілдері Түркістан облысы, Бәйдібек ауданында болды. Аудандағы бірқатар еңбек ұжымдарында болып, Қазақстанның энергетикалық секторын трансформациялауға арналған бастамалар жөнінде ой бөлісті.

Қазақстанда электр энергиясын өндірудің негізгі көзі көмірмен жұмыс істейтін станциялар болып табылады. Олардың үлесі елдегі өндірілетін электр энергиясының шамамен 70 пайызын құрайды.  Электр қуатын тұтынудың жылдық өсімі 3 пайызға тең. Көмір станцияларының тозу деңгейі 70 пайызға жетіп отырғаны тағы бар. Штаб мүшелері бұл мәселеде атом энергиясына балама жоқ екенін түсіндіре отырып, таңдау жасауда белсенділік танытуға шақырды.

«АЭС салудың бірнеше стратегиялық міндеті бар. Оның ішінде басты себептердің бірі – энергетикалық тәуелсіздікті қамтамасыз ету. Атом электр станциясы импорттық энергия ресурстарына тәуелділікті азайтуға және елді тұрақты энергиямен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деді Халықтық штаб мүшесі, Мәжіліс депутаты Ұласбек Сәдібеков.

Ядролық энергетика, өзінің пайда болу табиғатына сәйкес, шын мәніндегі жаңартылатын энергия көзі болып табылмаса да, парниктік газ шығарындылары аз және үлкен көлемде электр қуатын өндіру қабілетіне ие энергия көзі болып табылатыны және жаһандық экологияны қамтуда маңызды рөл атқаратыны айтылды. Дәстүрлі көмір және газ электр станцияларынан айырмашылығы, атом электр станциялары энергия өндіру кезінде атмосфераға көмірқышқыл газын шығармайтыны түсіндірілді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *