Түркістан облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында биыл тазалық жұмыстары күшейтілуде. Облыс көлемінде 7 263 сенбілік өткізілетін болып, әр күні 40-қа жуық елді мекенде тазалық шаралары жүргізіледі. Жоспар бойынша, апта сайын 200-ге жуық елді мекен толық тазартылмақ.

Бағдарламаның аясында «Үлгілі ауыл» және «Жомарт түлек» байқаулары өткізіліп, үздік елді мекендер анықталатын болады. Сонымен қатар, бағдарламаның басты мақсаты — аумақтардың тазалығын қамтамасыз ету, абаттандыру, жолдарды жөндеу және нысандарды күтіп ұстау. Кәсіпкерлер мен тұрғындар да бұл жұмыстарына қатысып, елді мекендер мен кәсіпорындардың аумақтарын ретке келтіру шараларына атсалысады.
Биыл облыс аумағында 1 млн. ағаш отырғызу бастамасы қолға алынып, 691 шақырымдық республикалық жолдар бойында жасыл белдеу құрылады. Сонымен қатар, қоқыс жинау қызметі мен қоғамдық тазалыққа қатысты жұмыстар да бақыланып, жүйелендіріледі.
Айта кетейік, 2024 жылы Түркістан облысында 1440 сенбілік өткізіліп, оған 300 мыңнан астам адам мен 1,5 мың техника жұмылдырылды. Нәтижесінде, 3,4 мың тонна қоқыс шығарылып, 1,1 миллион ағаш отырғызылды.
Түркістан облысындағы «Таза Қазақстан» бағдарламасы республикада алғашқы орындарда тұр. TazaQazBot платформасы арқылы мыңға жуық өтінім қабылданып, 988 өтінім орындалды.