Елді қиындықтан алып шығатын-жастардың ерік-жігері

«Жақсы сөздің жарымы ырыс» деген халық даналығы қандай тапқырлықпен айтылған десеңізші?! Елбасы әлемге таралып жатқан қауіпті індетке байланысты қалыпты тіршілігінен ажырап, үйінен шыға алмай, көңілі алаңдап отырған халыққа жақсы сөзін, ақсақалға тән даналыққа толы ақыл-кеңесін айтыпты. Елбасының басу айтқан, сабыр мен ынтымаққа шақырған сөздері көңілімізді жайландырып, ертеңгі күнге деген сенімімізді нығайтты.

Иә, қазіргі ахуал шынында күрделі. Бір жағынан пандемия алқымнан алып жатса, екінші жағынан экономикалық дағдарыс елімізге қосымша ауыртпалықтар әкелді. Дегенмен Қазақстанның бұл уақытша қиындықтарды жеңіп шығатын қаржылай қоры да, халқының бойында күш-жігері де бар.

Әрі кез келген дағдарыс бізді шыңдай түседі. Осындай қиын-қыстау кезеңде басталған ізденістер мен тәжірибелер болашақта дамудың жаңа сапалық деңгейіне көтерілуімізге жол ашады.

Бұл жөнінде Елбасы бүгін жарыққа шыққан «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» деген мақаласында «Кез келген қиындық адамды тығы­рықтан шығуға, өзгеше ойлауға, қалып­тасқан жұмыс тәсілдерін жетілдіруге бастайды. Ал бұл ғылым мен технологияны дамытуға, сергек өмір салтын қалыптастыруға алып келеді. Бүгінде еңбекті ұйымдастырудың креативті әдістері, тіпті жаңа кәсіп түрлері шыға бастады. Қазір адамдар біртіндеп қағазбастылықтан арылып, қашықтан жұмыс істеу режіміне көшті» деді.

Осыған орай бір ғана мысал айтайын. Бүгінде еліміз қашықтан білім беру бойынша тамаша тәжірибе жинақтап жатыр. Иә, қазір бұл істің өзіндік қиындықтары мен кемшіліктері болуы мүмкін. Алайда, бүгін жинақталып жатқан тәжірибе күні ертең кәдеге асатыны сөзсіз. Сол арқылы біз білім берудің сапасы мен қолжетімділігін арттырып, жаңа технологиялар негізінде жұмыс істеуге машықтанып жатырмыз.

Осы тұста Ұлт Көшбасшысы бар жауапкершілік ел жастарының, Тәуелсіздіктің құрдастарының мойнында екенін өте орынды айтты. Елімізді қазіргі күрделі ахуалдан алып шығатын жас буынның күш-қуаты мен ерік-жігері. Сондықтан жастар қиындықтарға мойымай, тек қана алға ұмтылуы тиіс.

Арман Орынбеков,
№90 жалпы орта мектептің директоры

#ҮшіншіМегаполис

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *