ТҮРКІСТАНҒА ЕРЕКШЕ МӘРТЕБЕ БЕРУ ТУРАЛЫ ЗАҢ ЖОБАСЫ ПАРЛАМЕНТ СЕНАТЫНЫҢ ЕКІ ОҚЫЛЫМЫНДА ТАЛҚЫЛАНЫП, МАҚҰЛДАНДЫ

Түркістанға ерекше мәртебе беру туралы заң жобасы Парламент Сенатының екі оқылымында талқыланып, бірауыздан мақұлданды. Құжат Мемлекет басшысының қол қоюына жіберілді.

Осылайша, Түркістан еліміздің мәдени-рухани астанасы мәртебесін иеленіп, жаңа даму кезеңіне қадам басады. Заң жобасы шаһарды туристік орталық ретінде одан әрі дамытуға бағытталған. Оның басты мақсаты — ғасырлар бойы сақталып келген ескерткіштерді қорғап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу. Бұл үшін археологиялық резерват құрылып, қала тарихы мен мәдениеті терең зерттеледі.

Сондай-ақ, Түркістан қаласының әкімдігі мен мәслихатына 44 жаңа өкілеттік беріледі, арнайы сәулет жоспарлары әзірленіп, қаланың дизайн коды дайындалады. Қаланың туристік әлеуетін халықаралық деңгейге көтеру үшін ауқымды шаралар жүзеге асырылатын болады. Заң аясында Жер кодексіне өзгерістер енгізіліп, мемлекеттік қажеттілік үшін алынған жерлерде әлеуметтік нысандар салынады. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жүргізіліп жатқан зерттеулер биыл аяқталады, оның нәтижелеріне сәйкес тиісті министрліктермен бірлескен жұмыстар қолға алынады.

Отырыс барысында Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев заңның қолданысқа енгеннен кейін оны кең ауқымда жүзеге асырудың аса маңыздылығына тоқталды. Ол Түркістанның рухани мәнін ерекше атап, бұл қаланы елге танытуда жаңа бағытта белсенді қадамдар жасаудың қажеттігін ерекше атап өтті.

Түркістанға ресми мәртебе берілуі тек символикалық атаумен шектелмейді. Қала ежелден білім мен ғылымның, өркениет пен мәдениеттің ордасы болған. Енді жаңа заман талабына сай әлеуметтік-экономикалық, туристік және мәдени-рухани бағыттарда жаңа биіктерге көтеріледі. Осы орайда Түркістан жұртшылығына үлкен міндет пен ерекше жауапкершілік жүктеледі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *