Түркістан қаласында тіл мәселелері бойынша сыртқы жарнама мен көрнекі ақпарат тілін реттеу мақсатында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бұл шара Түркістан қаласы әкімінің өкімімен құрылған жұмысшы топтың бастамасымен жүзеге асты.
Жұмысшы топтың құрамына қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі, ішкі саясат бөлімі, сәулет және қала құрылысы бөлімі, жастар ресурстық орталығы, полиция қызметкерлері мен тіл мамандары кірді.
Түсіндірме жұмыстары Бекзат Саттарханов даңғылы бойындағы сауда орындарына қатысты жүргізілді. Осы жұмыстар барысында 25 объекті араланып, 19 жеке кәсіпкерге мемлекеттік тілде жарнама, маңдайша, баға көрсеткіштері мен ас мәзірлерін орналастыру туралы ұсыныс хаттар берілді.
Кәсіпкерлерге мемлекеттік тілде ақпараттарды орналастыру жөніндегі талаптарды орындамаған жағдайда айыппұл салынатыны және әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс негізінде шаралар қолданылатыны ескертілді. Бұл шаралар заңнаманың сақталуын қамтамасыз ету және тіл мәдениетін арттыру мақсатында қолға алынған.