Түркістанда 19 наурыз күні «Түркістан – Түркі әлемінің туристік астанасы» тақырыбында туристік маусым салтанатты түрде ашылады. Бұл маңызды шара өңірдің туристік әлеуетін арттыру, инфрақұрылымды жаңғырту және қонақтарға жоғары деңгейде қызмет көрсету мақсатында ұйымдастырылмақ. Шараның негізгі мақсаты – Түркістанды халықаралық деңгейде танымал туристік орталыққа айналдыру.
Туризм басқармасының басшысы Нұрдәулет Медеуовтің айтуынша, биыл Түркістан үшін тарихи оқиға орын алып отыр. Қаланың ерекше мәртебесін белгілеу туралы заң қабылданды. Бұл заң Түркістанды әлемдік деңгейде танымал етуге, өңірге туристер санын арттыруға және оның мәдени, рухани мұрасын кеңінен насихаттауға жол ашады.
Маусымның ашылу салтанатында қонақтарды «Jana lep» шығармашылық ұжымы, «Самғау» би ансамблі, ұлттық аспаптарда өнер көрсететін музыканттар, DJ Shamil және басқа да өнерпаздар қарсы алады. Сондай-ақ, мерекелік шарада от шоуы, сиқыршылар қойылымы, барабан шоуы және поэзия кештері ұйымдастырылады.
Ең маңыздысы, іс-шара барысында 2,5 тонна наурыз көже дайындалып, Қазақстанның «Киннес» рекорды жаңартылмақ. Бұл ауқымды шара Түркістанның ұлттық мәдениетіне деген құрметті және оның туристік әлеуетін арттыруды мақсат етеді.
Сонымен қатар, 19 наурыз күні Түркістанда «Түркістан – Түркі әлемінің рухани астанасы» атты республикалық туристік форум өтеді. Форумға Орталық Азия елдерінің туризм саласындағы бизнес өкілдері мен қолөнершілер қатысады деп жоспарлануда.