Шымкент қаласында жасыл желек аумақтарын ұлғайту және микроклиматты қалыптастыру арқылы тұрғындарға жайлы орта құру мақсатында бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Бұл жөнінде Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, қалалық әкімдіктің ресми өкілі Сәрсен Құранбек Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында мәлімдеді.
Шымкент қаласы еліміздегі ең көп саябақтармен мақтана алады. Әсіресе, А.Асқаров атындағы Шымкент мемлекеттік дендрологиялық саябағында Ташкент қаласының ботаникалық бағымен ағаш бұта тұқымдарын алмастыру мақсатында көшет түрлері 214-тен 251-ге дейін ұлғайды. Бұл саябақтың гендік қоры 383 түрге жетті, ал 2025 жылы тағы 132 жаңа ағаш-бұта тұқым түрлерін өсіру жоспарланған. Жалпы алғанда, саябақта 74 мыңнан астам ағаш отырғызылған. Болашақта оның гендік қоры 560 түрге дейін жетеді деп күтілуде.
Сонымен қатар, қала орталығындағы ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру мәселесі де үлкен мәнге ие. Өткен жылдары жүйелердің дұрыс жұмыс істемеуі микроклиматқа теріс әсер етіп, экологиялық жағдайды нашарлатты. Қаратау ауданында Бадам магистралды каналы арқылы су алынып, қала көшелеріне су жіберу жұмыстары жүргізілді. 2023 жылы бұл шаралардың ауқымы кеңейтіліп, биыл 20 км ұзындықтағы Шымкент каналы арқылы су жіберу жоспарланған.
Нәтижесінде, 11, 12, 15, 3-ші кіші Самал мөлтек аудандары, Қазыбек би, Дулати, Байтұрсынұлы, Рысқұлов, Момышұлы көшелері мен Темірлан тас жолы жиегінде су ағатын болады. Бұл шаралар қала экологиясын жақсартып, микроклиматты қалыптастыруға және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.
Шымкенттегі бұл жобалар қала тұрғындарына табиғи ортада демалу мен тынығу үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.