Түркістан облысында сәуір айынан бастап «Үлгілі ауыл» байқауының жаңа кезеңі басталады. Бұл жолы аудан орталықтары байқауға қатыстырылмайды, ал «Жомарт түлек» тұжырымдамасы енгізілмек. Бұл бағыт бойынша ауыл азаматтары туған жері мен оқу орнын абаттандыру, тазалық сақтау, демеушілік жасау бойынша бағаланады.
Өткен жылы байқаудың облыстық кезеңінде жеңімпаз атанған Қазығұрт ауданы, Шарбұлақ ауылы 500 млн теңгеге дене шынықтыру кешенін салып, 2-орын алған Шардара ауданындағы Көксу ауылы 120 млн теңгеге ғимарат жөндеуден өтеді. Сонымен қатар, Сарыағаш ауданындағы Мәдениет ауылында 37,8 млн теңгеге балалар алаңы салынып, Созақ ауданы Жартытөбе ауылында 26 млн теңгеге ойын алаңы салынады.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында облыста 7 263 іс-шара жоспарланып, 528-і өткізілген. Оған 257 588 тұрғын қатысып, 415 350 көшет отырғызылып, 5 505 тонна қоқыс шығарылды.