ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 27 сәуірдегі мәлімдемесіне сәйкес, Шымкент қаласында мамырдың 1-ші жұлдызынан бірқатар шағын және орта бизнес нысандары қалыпты жұмысын бастаған болатын.
Екінші кезең бойынша 4 мамырдан бастап ақпараттық-коммуникациялық технологиялар компаниялары, 500 шаршы метрге дейінгі барлық бағыттағы дүкендер, фотосалондар, медициналық орталықтар, стоматологиялық клиникалар, жарнама агенттіктері, көшелердегі спорт алаңдары, жеке кабиналары бар моншалар, үй жануарлары мен гүл сататын дүкендер, жылжымайтын мүлік агенттіктері іске қосылды. Бүгінгі таңда қалада жалпы саны 6 651 нысан қалыпты жұмыс режиміне көшті. Ол жерлерде 136 259 адам еңбек етуде. Шымкент қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-иннновациялық даму басқармасы барлық нысандарда санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтауды ескертті. Айта кетсек, іске қосылған нысандарда жұмыс уақыты күнделікті сағат 10.00 — 18.00 аралығында жүргізілмек.