2020 жылы Шымкент қаласындағы 15 білім беру нысанына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. 7-мектеп, 6-балабақша және 1 колледж бен 1 саз мектебі келесі оқу жылына дейін пайдалануға берілуі тиіс.
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы алдымен қаламыздағы №4 жалпы орта мектептің ғимаратында болды. 1939 жылы бой көтерген білім ордасына соңғы рет 2011 жылы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бұл жолы күрделі жөндеуден өтіп жатқан ғимаратта енді білім алушыларға барлық жағдай жасалмақ. Мердігер мекеме 20 тамызда мектепті пайдалануға береді. Сондай-ақ, қаладағы жөндеуден өтетеін барлық білім ошақтары жаңа парталармен қамтылып, ғимарат толықтай бейнебақылауға алынатын болады.Одан кейін шаһар басшысы №17 жалпы орта мектептің құрылыс жұмыстарымен танысты. Онда 300 орындық қосымша мектептің құрылысы жүргізілуде. Ал, 310 орынға арналып салынған №13 «Ертөстік» балабақшасы күрделі жөндеу жұмыстарынан өтуде. 1939 жылы бой көтерген ғимараттың әбден тозығы жеткен. Бөбекжай ағымдағы жылдың 31 тамызында пайдалануға беріледі.