Шымкент қаласындағы қарқынды дамып келе жатқан Тұран ауданы 2026 жылға дейін толық инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі.

Бұл туралы аудан әкімінің орынбасары Асылжан Дәулетханұлы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде мәлімдеді.
Бүгінде аудан халқы 232,7 мың адамды құрайды. 21 шағынауданды біріктіретін аумақта 39 мыңнан астам жеке және 544 көпқабатты тұрғын үй орналасқан. Жалпы аумағы – 36 300 гектар.
Инфрақұрылымдық көрсеткіштер:
- Ауыз су: Қамту деңгейі қазіргі таңда 98,5%. Құрсай мен Айкөл шағынаудандарында құрылыс аяқталғаннан кейін, 2026 жылы толық 100% қамтылады.
- Табиғи газ: Қамту көрсеткіші – 85,7%. Жаңаталап, Құрсай және Айкөл шағынаудандарында жұмыстар жүріп жатыр. 2026 жылы барлық аудан көгілдір отынға қосылады.
- Электр қуаты: 2026 жылдың соңына дейін Құрсай шағынауданы электр желісіне қосылып, аудан 100% жарықпен қамтылады.
- Кәріз жүйесі: Қазіргі деңгей – 57,1%. Түркістан шағынауданы мен Қазыбек би көшесінде құрылыс басталды. Жыл соңына дейін көрсеткіш 60,2%-ға жеткізілмек.