Шымкентте Мархабат Байғұттың 80 жылдығына арналған халықаралық конференция өтті

Бүгін Шымкент қаласында көрнекті жазушы, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мархабат Байғұттың 80 жылдық мерейтойына арналған «Әдебиет әлемі әдемі» атты халықаралық конференция өтті. Іс-шараға отандық және шетелдік әдебиет өкілдері, зиялы қауым, жас қаламгерлер мен студенттер қатысты.

Конференцияның басты мақсаты — жазушының бай әдеби мұрасын насихаттап, оны өскелең ұрпаққа үлгі ету, ұлттық руханиятты дамыту және әдеби сабақтастықты нығайту болды.

Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде жазушының шығармашылығына арналған кең көлемді кітап көрмесі, инсталляциялар мен экспозициялар көпшілік назарына ұсынылды.

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек конференцияның рухани маңызын атап өтіп:
«Мархабат Байғұт – қазақ әдебиетінің ғана емес, тұтас Оңтүстік жұртының рухани тірегі», – деді.

Конференция тізгінін қоғам қайраткері, қалалық мәслихат төрағасы Бахадыр Мәдәліұлы Нарымбетов жүргізді.

Шараға Түркия, Қырғызстан, Өзбекстаннан келген әдебиеттанушылар мен жазушылар қатысып, Мархабат Байғұттың қаламгерлік шеберлігі, публицистикасы мен драматургиядағы орны жайлы баяндамалар жасап, өз естеліктерімен бөлісті.

Сондай-ақ, «Марха мақамдары» атты көркемсөз оқу байқауы өткізіліп, жеңімпаз жастар марапатталды. Олар жазушы шығармаларынан үзінділерді шеберлікпен сахнада орындады.

Конференция – тек мерейтойлық шара емес, ұлттық әдебиетті дәріптеу мен рухани сабақтастықты жалғастырудың маңызды алаңына айналды.
Қатысушылардың бірі: «Ұлт руханиятын ұлықтау – уақыттың емес, ұрпақтың еншісі. Ал Мархабат Байғұт – сол руханияттың алтын көпірі», – деп қорытындылады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *