Алматыда ішектің қабыну аурулары бойынша IX ұлттық форум өтті

Алматыда Қазақстанның, Ресейдің, Бельгияның, Израильдің және басқа да елдердің жетекші сарапшыларының қатысуымен ішектің қабыну аурулары бойынша IX ұлттық форум өтті.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты мен Қазақ ғылыми қоғамы ұйымдастырған іс-шараға Қазақстанның барлық өңірлерінен және шетелдерден 300-ден астам гастроэнтеролог, колопроктолог, терапевт, морфолог, инфекционист, эндоскопист мамандар мен функционалдық диагностика дәрігерлері қатысты.

Форум жыл сайын 19 мамырда атап өтілетін Дүниежүзілік ішектің қабыну аурулары күніне орай ұйымдастырылып, Крон ауруы мен ойық жаралы колит туралы хабардарлықты арттыруға бағытталды.

Мамандардың мәліметінше, Қазақстанда ІҚА бар пациенттер санының айтарлықтай өсуі байқалады. 2018 жылдан 2023 жылға дейін Крон ауруы 555-тен 1631-ге дейін, ал ойық жаралы колит ауруы 2218-ден 7305-ке дейін өсті.

2024 жылдың статистикасы бойынша, әр 100 мың адамға шаққанда 5-10 жағдай ІҚА диагнозымен тіркелген, және бұл сан артуы мүмкін. Бұл диагностиканың жақсаруымен қатар, нақты аурулардың өсуіне де байланысты.

ІҚА жасөспірімдер мен орта жастағылар арасында жиі диагностикалануы ерекше алаңдаушылық туғызады. Диагноз қоюдың орташа жасы 35-40 жас. Тәуекел факторларының арасында урбанизация, стресс, инфекциялар және антибиотиктерді бақылаусыз қабылдау бар.

«Біздің Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында заманауи диагностикалық базамен жабдықталған және білікті мамандардың мультидисциплинарлық тобы жұмыс істейтін еліміздегі алғашқы ІҚА, қысқа ішек синдромы және нутритивтік түзету бойынша мамандандырылған орталық ашылды. Оның негізгі міндеттері ІҚА және ҚІС бар науқастардың өмір сүру сапасын жақсарту және ықтимал асқынулардың алдын алу. Орталық білікті көмекке мұқтаж жандарға ашық», — деді Басқарма төрағасы Марат Пашимов.

Қатысушылар ерте диагностиканың қажеттілігін, жоғары технологиялық зерттеу әдістерінің және биологиялық терапияның қолжетімділігін, сондай-ақ ІҚА емдеудегі көпсалалы тәсілдің маңыздылығын атап өтті. Сарапшылар бірқатар өңірлерде эндоскопиялық диагностикаға қолжетімділіктің шектелуі және пациенттерге психологиялық қолдаудың жетіспеушілігі сияқты мәселелердің бар екенін атап өтті.

Форум аясында жас ғалымдар байқауы да өткізілді. Форум Қазақстанда ІҚА бар пациенттердің өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған мәселелерді талқылау, тәжірибе алмасу және шешімдерді бірлесіп әзірлеу үшін маңызды алаңға айналды. Форум қорытындысы бойынша елімізде мамандандырылған орталықтар желісін кеңейту, пәнаралық бірлескен жұмысты күшейту, халықаралық тәжірибеге негізделген клиникалық ұсынымдарды енгізу және дәрігерлер үшін тұрақты кәсіптік білім беру бағдарламаларын дамыту қажеттігі белгіленді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *