Қазақстанда жаңартылатын энергия үлесі алғаш рет 6%-дан асты

2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерінен (ЖЭК) өндірілетін электр энергиясының үлесі 6,43%-ды құрап, алғашқы рет 6% шегінен асты. Бұл көрсеткіш — 2020 жылмен салыстырғанда екі есеге жуық жоғары. Сол жылы ЖЭК үлесі небәрі 3% болған еді.

Соңғы бес жылда Қазақстанда «жасыл» энергетика саласында тұрақты оң динамика байқалып отыр:

  • 2021 жылы – 3,69%,

  • 2022 жылы – 4,53%,

  • 2023 жылы – 5,92%,

  • 2024 жылы – 6,43%.

Бұл өсім елімізде жаңартылатын энергия көздерін дамытуға бағытталған мемлекеттік саясаттың жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқанын дәлелдейді. Озық халықаралық тәжірибе негізінде қолдау тетіктері енгізіліп, инвестициялық ахуал айтарлықтай жақсарған.

Бүгінде Қазақстан аумағында жалпы қуаты 3 ГВт-тан асатын 154 жаңартылатын энергия нысаны жұмыс істеп тұр. Олардың құрамына:

  • 63 жел электр станциясы (1 570,05 МВт),

  • 46 күн электр станциясы (1 222,61 МВт),

  • 42 су электр станциясы (287,69 МВт),

  • 3 биогаз станциясы (1,77 МВт) кіреді.

Аталған нысандардың басым бөлігі жеке инвесторлардың қаржысы есебінен салынған және іске қосылған. Бұл — инвестициялық ынталандыру шаралары мен саланың ашықтығының нақты нәтижесі.

ЖЭК секторының қарқынды дамуы — Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып, климаттың өзгеруіне қарсы іс-қимылдағы стратегиялық ұстанымдарын жүзеге асырудың айқын көрінісі. Елдің «жасыл» экономикаға көшудегі бетбұрысты бағыты әрі қарай да мемлекеттік қолдау мен халықаралық ынтымақтастық арқылы жалғасын табатын болады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *