Түркістан облысында шіркейлерге қарсы күрес жұмыстары қарқын алып келеді. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың төрағалығымен құрылған арнайы штаб зиянкестердің таралуына жол бермеу мақсатында кешенді шараларды іске асыруда. Осы жұмыстардың аясында бүгін бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері үшін арнайы баспасөз туры ұйымдастырылды.

Сырдария өзенінің бойында орналасқан елді мекендерде шіркейге қарсы биологиялық және химиялық әдістер қатар қолданылуда. Экологияға залал келтірмейтін «Бактицид» биопрепаратының 111 тоннаға жуық суспензиясы өзен суына жіберілді. Бұл шараға 12 арнайы техника, 6 қайық және 28 маман жұмылдырылды.
Жіберілетін дәрі мөлшері Сырдария өзені мен Көксарай қоймасынан бөлінетін су көлеміне сәйкес есептеледі. Биыл шіркей дернәсілдерінің шоғырланған аумақтарында препарат дозасы арттырылып, өңдеу арақашықтығы жиілетілді. Нәтижесінде өзенге жақын орналасқан елді мекендерде шіркейлер санының тұрақты азаюы байқалса, өзеннен 20–50 шақырым радиуста орналасқан аймақтарда шіркей мүлде анықталмаған.
Сонымен қатар облыс аумағында барьерлік химиялық өңдеу жұмыстары да белсенді жүргізілуде. Әрбір елді мекеннің ерекшелігіне қарай балама инсектицидтік препараттар таңдалып, залалсыздандыру шаралары ауа райы жағдайы мен шіркейдің таралу деңгейіне сәйкес жүзеге асырылады.
Аталған жұмыстарға:
-
38 бүрку жүйесімен жабдықталған жеңіл автокөлік,
-
36 арқаға асылатын бүріккіш құрал,
-
4 термоөңдеу құрылғысы және
-
арнайы дрондар тартылған.
Көлік жете алмайтын аймақтарда залалсыздандыру дрондар арқылы іске асуда.
Дезинсекциялық шаралар Түркістан мен Арыс қалаларында, сондай-ақ Шардара, Сауран және Отырар аудандарында тұрақты жүргізілуде. Барлық жұмыс Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің жеке бақылауында тұр.