Жетісу өңіріндегі Жоңғар Алатауы ұлттық паркінің аумағында еліміздің Қызыл кітабына енген Сиверс алмасы орман алқаптары 3800 гектар жерді алып жатыр. Бұл — жабайы алма түрі ең көп таралған аумақтардың бірі саналады.

Бор дәуірінен бері сақталған жабайы алманың 40-қа жуық түрі ұлттық паркте ерекше қорғауға алынған. Биіктігі 6–8 метрге жететін Сиверс алма ағаштары сәуір-мамыр айларында гүлдеп, тау бөктерін қызғылт түске бояйды. Осы кезеңде шетелдік және отандық туристердің қызығушылығы артып, табиғат аясындағы туризм жандана түседі.
«2018 жылдан бері алма гүлдеген кезеңде фестиваль өткіземіз. Мақсатымыз — бұл ерекше жеміс түрін кеңірек таныту», — дейді Жоңғар Алатауы ұлттық паркінің директорының орынбасары Т.Қасымханова.
Сиверс алмасы аязға төзімді әрі климатқа бейім, сондықтан генетикалық қор ретінде аса құнды. Жеміс түрін сақтау үшін парк аумағында арнайы ғылым бөлімі жұмыс істейді. Сонымен қатар Алматы және Талдықорған қалаларындағы ғылыми-зерттеу институттарымен бірлескен жобалар жүргізілуде.
Орман аумағында қорықтық күзет режимі орнатылған. Яғни табиғи тепе-теңдікті бұзатын кез келген шаруашылық қызметке тыйым салынған. Ал туристерге арнап «Ғылыми-танымдылық туры» маршруты жасақталған. Бұл бағыт Сиверс алмасының табиғи өсу ортасымен танысуға мүмкіндік береді.
Фото: Ернұр Манапқан