Қазақстанның барлық ірі қаласында «Халық заңгері» жалпы республикалық акциясы бастау алды

Бүгін Қазақстанның барлық ірі қаласында «Халық заңгері» жалпы республикалық акциясы бастау алды. Шараның мақсаты — халықтың құқықтық сауатын арттыру және тегін заң көмегін көрсету. Еліміздің үздік заңгерлері мен құқық қорғау өкілдері осы бастамаға үн қосып, кез келген азаматқа тегін консультация беруде.

Шымкент қаласында бұл игі шара Арбат демалыс аймағында өтуде. Іс-шараны қала әкімдігі, Экономикалық тергеп-тексеру департаменті және Әділет департаменті бірлесіп ұйымдастырған. Науқан аясында 60-тан астам білікті маман тұрғындарға тегін құқықтық көмек көрсетіп жатыр. Олардың қатарында адвокаттар, нотариустар, прокурорлар, тергеушілер, сот орындаушылары және басқарма мамандары бар.

Құқықтық мәселелерін шешуге келген тұрғындар көкейінде жүрген сұрақтарға жауап алып, тиісті мекемелерден қажетті ақпаратқа қол жеткізді. Айта кету керек, тұрғындардың көпшілігін мемлекет тарапынан берілетін гранттар мен жеңілдетілген несиелер қызықтыруда.

Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау – халық үшін аса маңызды. Әсіресе кәсіпкерлікке бет бұрғысы келетін азаматтар үшін біз жан-жақты ақпарат ұсынып, қажетті кеңес берудеміз, – дейді Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының бас маманы Фатима Сариева.

Шара аясында тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру, олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіру негізгі мақсаттардың бірі болды. Мұндай акциялар азаматтардың заңды мүдделерін қорғауға және қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге зор үлес қосуда.

Айта кетейік, 2016–2024 жылдар аралығында бұл акцияға 10 000-нан астам үздік сарапшы мен мемлекеттік орган өкілдері қатысып, 300 000-нан астам адамға құқықтық көмек көрсетілген.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *