Түркістан облысында мәслихаттардың рөлін күшейту және халықпен тиімді жұмыс жүргізу тәсілдерін жетілдіру мақсатында «Жергілікті өзін-өзі басқару институттарының рөлі мен әлеуетін күшейтудің заманауи тәсілдері» атты ауқымды семинар өтті. Іс-шараны Түркістан облыстық мәслихаты Мемлекет басшысының мәслихат депутаттарының біліктілігін арттыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес ұйымдастырды.

Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің Мәдениет сарайында өткен жиынға ҚР Парламенті Сенатының депутаты Алишер Сатвалдиев, Сенат жанындағы сарапшылар клубының мүшесі Шолпан Айтенова, сөз сөйлеу шеберлігі бойынша сарапшы, кәсіби ментор Гүлжанат Битанова, М.Әуезов атындағы ОҚУ-нің «Саясаттану» кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты Сәкен Мәжинбеков және өңірдің мәслихат депутаттары, ауыл әкімдері, жастар орталығы мен ішкі саясат басқармасының басшылары қатысты.
Семинар жұмысын облыстық мәслихаттың депутаты Ғалымжан Елшібай жүргізіп, алғашқы сөз облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішовке берілді. Ол өз сөзінде бұл семинардың маңыздылығына тоқталып, мәслихаттардың қоғамдағы орнын қайта бағамдап, біліктілікті арттырудың қажеттілігін атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәслихаттардың аймақтардағы экономикалық саясатқа ықпалын арттыру керектігін, депутаттардың кәсіби деңгейі жаңа талаптарға сай болуы қажет екенін атап өткен болатын. Конституциялық реформа нәтижесінде мәслихаттардың өкілеттігі мен жауапкершілігі артып отыр. Бұл – халықпен жұмыс істеудің жаңа кезеңі басталғанын білдіреді, – деді Нұралы Әлмаханұлы.
Оның айтуынша, облыстық мәслихат депутаттары бүгінгі күні өңірдегі өзекті мәселелердің шешілуіне нақты ықпал етіп келеді. Мәселен, уран өндіруші компаниялардан түсетін әлеуметтік төлемдердің үлесін 2 пайызға дейін арттыруға, шетелдік инвесторлардың қатысуымен ірі жобаларды іске асыруға және мақта терімі кезінде жиі туындайтын шаруалар наразылығын болдырмауға байланысты нақты жұмыстар атқарылған.
Құны 200 млрд теңгеден асатын «Мақта өсіру және мақта-тоқыма кластерін құру» жобасы арқылы 50 мың гектар жер игеріліп, 10 зауыт салу және 4 мың жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.

Семинарда ҚР Парламенті Сенатының депутаты Алишер Сатвалдиев, сарапшы Шолпан Айтенова, ментор Гүлжанат Битанова және саясаттанушы Сәкен Мәжинбеков мазмұнды баяндамалар жасап, қатысушылармен тәжірибе бөлісті.
Кездесу барысында мәслихаттардың даму перспективалары, депутаттар мен халық арасындағы байланысты күшейту жолдары, шешім қабылдаудағы ашықтық пен тиімділік мәселелері кеңінен талқыланды. Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін дамыту – тек билікке емес, бүкіл қоғамға ортақ іс екені атап өтілді.
Бүгінде Түркістан облысында 338 мәслихат депутаты бар. Олардың басты міндеті – тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдап, нақты шешім қабылдау арқылы өңірдің дамуына үлес қосу. Мәслихат – бұл халық пен билік арасындағы сенім көпірі, ал депутат – ел үніне құлақ түріп, өңірдің тынысын танып отырған халық өкілі.