Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай Түркістандағы Оқушылар сарайында облыстық патриоттар форумы өтті. Салтанатты жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, ел мерекесімен жиналғандарды құттықтады.

– Тәуелсіздікті сақтау мен қадірлеу – ең алдымен мемлекеттік рәміздерімізге деген құрметтен басталады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, Елтаңба, Ту, Әнұран – Тәуелсіздігіміздің басты құндылықтары. Жас ұрпақтың бойында осы рәміздерге деген патриоттық сезімді қалыптастыру – ортақ міндетіміз, – деді Ертай Кенжебекұлы.
Форум аясында туған елі үшін еңбек етіп жүрген бірқатар азаматқа құрмет көрсетілді. Марапатталғандар қатарында ғылым, білім, мәдениет, спорт, медицина, волонтерлік, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, технология және бизнес салаларында жетістікке жеткен үздіктер бар. Олар республикалық және халықаралық деңгейде ел туын желбіретіп, ерекше ерлік пен табандылық танытқан азаматтар.

Мерекелік шара патриоттық әндер мен би қойылымдарын қамтыған концертпен жалғасты.
Айта кетейік, 1992 жылы 4 маусымда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері бекітілді. Ал 2007 жылдан бері бұл күн ресми түрде Мемлекеттік рәміздер күні ретінде аталып өтеді. Жыл сайын бұл мереке өңірлерде кең көлемде ұйымдастырылып, жастарға патриоттық тәрбие беру бағытындағы іс-шаралармен толықтырылады.