Қаланың қауіпсіздігі – қоғам назарында

Өткен аптада Шымкент қаласында 181 қылмыстық іс тіркеліп, оның 11-і сотқа жолданды. Бұл туралы Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек мәлімдеді. 

Ең жиі тіркелетін құқықбұзушылықтар қатарында – алаяқтық, ұрлық, есірткі айналымы, тонау және жол-көлік оқиғалары бар. Алаяқтықтың 29 фактісі интернет кеңістігінде жасалған. Әлеуметтік желілер мен сайттардағы жалған жарнамалар, жалған банк қызметкерлерінен келген қоңыраулар мен фейк несиелер – ең көп кездесетін әдістер.

Мысалы, бір азаматша өзін банк қызметкері ретінде таныстырған алаяққа сеніп, «қауіпсіз шотқа» деп 2,7 млн теңгесін аударып жіберген. Қазір бұл бойынша қылмыстық іс қозғалды. Құзырлы органдар азаматтарды бейтаныс қоңырауларға сенбеуге, банкпен ресми байланыс арналары арқылы нақтылау жүргізуге шақырды.

Сондай-ақ, қалта ұрлығы мен ұялы телефон жымқыру деректері де жиілеген. Қоғамдық көлік, базар мен адам көп шоғырланған іс-шараларда бағалы заттарға мұқият болу ұсынылады.

Апта ішінде есірткіге қатысты 11 адам ұсталған. Оның ішінде 18–30 жас аралығындағы жастар басым. Көп жағдайда олар әлеуметтік желідегі жарнамаларға сеніп, заңсыз әрекетке тартылған. Жастарға беймәлім ұсыныстардан сақ болуға кеңес берілді.

Жол-көлік оқиғаларының артуына жылдамдықты шамадан тыс асыру, жолда телефон пайдалану және кәмелет жасына толмағандардың ереже бұза отырып самокат жүргізуі себеп болып отыр. Мас күйде көлік жүргізу фактілері де тіркелуде.

Брифингте қала тұрғындарына жол қауіпсіздігін сақтау және заңсыз әрекеттерге жол бермеу жөнінде ескерту жасалды. Қоғамдық тәртіп – барша азаматтың ортақ жауапкершілігі екені атап өтілді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *