Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған ресми және іскерлік делегацияның Қытайға жұмыс сапары жалғасуда. Шаньдун провинциясының Цзинин қаласында өңір делегациясы әлемдегі сарымсақ өндірісі бойынша көшбасшы саналатын «Wanglin Group» компаниясының басшылығымен кездесті.
Кездесу барысында тараптар агроөнеркәсіп саласындағы стратегиялық әріптестікті нығайту, әсіресе сарымсақ өсіру және өңдеу бағытында бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.
Халықаралық компания өңірге қызығушылық танытты
«Wanglin Group» Түркістан облысының агроклиматтық мүмкіндіктерін жоғары бағалап, заманауи қайта өңдеу зауыттарын салу, экспорттық логистиканы дамыту, қаржы салу сынды нақты ұсыныстарын ортаға салды.
Келіссөздер нәтижесінде тараптар Түркістан облысында:
-
агроиндустриялық кластер құру,
-
сарымсақ егісін кеңейту,
-
фермерлермен ұзақ мерзімді келісімшарттар жасау,
-
дайын өнімді сыртқы нарыққа экспорттау бағытында бірлесіп жұмыс істеуге уағдаласты.
— Бүгінгі кездесу – Түркістан облысының ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтерудегі маңызды қадам. Бұл Президентіміздің тапсырмасына толық сай келеді. Ең бастысы – ауыл халқына нақты пайда әкелетін жобаларды іске асыру. Жаңа технологиялар мен шетелдік инвестиция бізге халықаралық нарыққа шығуға жол ашады, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.
20 жылдан астам тәжірибесі бар алпауыт компания
«Wanglin Group» компаниясы сарымсақ өсіру, қайта өңдеу, сақтау және экспортқа шығару саласында 20 жылдан астам тәжірибесі бар.
Компания көрсеткіштері:
-
Жалпы егістік көлемі – 500 мың гектар
-
Жылдық өнім – 8 млн тонна
-
Экспорт көлемі – 4 млрд АҚШ доллары
-
Сақтау сыйымдылығы – 4,8 млн тонна
Компания сарымсақтан дәрі-дәрмек, дәрумен, тағамдық өнімдер өндіреді. Делегация өңдеу цехтары, логистикалық инфрақұрылым, сондай-ақ сарымсақ бағасын реттеу орталығының жұмысымен танысты.
Тәжірибе алмасу және аграрлық технопарктерге шолу
Сапар аясында Түркістан делегациясы Қытай аграрлық технопарктерінің жұмысымен танысып, өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау, тасымалдау, экспортқа шығару механизмдері бойынша тәжірибе алмасты.
Сонымен қатар, делегация сарымсаққа арналған мемлекеттік музейге барып, Қытайдың агроөнеркәсіп саласындағы жетістіктерін, сарымсақ өсіру мен өңдеудің тарихи дамуын көруге мүмкіндік алды.
Түркістан – агроөнеркәсіптің тірегі
Түркістан облысы – Қазақстандағы ірі ауыл шаруашылық өңірлерінің бірі. Онда жыл сайын он мыңдаған гектар жерге сарымсақ, пияз, көкөніс пен бақша дақылдары егіледі. Облыста агросаланы әртараптандыру, қайта өңдеу кәсіпорындарын көбейту, суармалы егіншілікті дамыту бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде.
2025 жылға қарай өңірге тартылатын тікелей шетелдік инвестиция көлемін 30%-ға арттыру көзделген. Бүгінгі сапар мен келісімдер – осы мақсатқа жетудегі маңызды қадамдардың бірі.