Assystem Қазақстандағы атом энергетикасын дамытуға атсалысады

Ядролық инжиниринг саласындағы жетекші халықаралық компаниялардың бірі — Assystem — Қазақстанның атом энергетикалық бағдарламасын іске асыруға қатысады. Компания «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС (ҚАЭС) техникалық кеңесшісі ретінде бекітілді.


Assystem АЭС жобасын жүзеге асыруда инжиниринг, жобаны басқару және құрылысқа қадағалау қызметтерін кешенді түрде ұсынатын болады. Компания Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы және Түркия секілді елдердегі атом жобаларында мол тәжірибе жинаған. Сондай-ақ Франция мен Ұлыбританияның ұлттық атом бағдарламаларына белсенді атсалысып келеді.

Қазақстанда атом энергетикасын дамыту «Қазақстан–2050» Стратегиясының маңызды бөлігі саналады. Бұл бастама елдің электр энергиясындағы көмір мен мұнайға тәуелділігін азайтып, баламалы энергия көздерінің үлесін 50%-ға дейін жеткізуді көздейді.

2025 жылдың басынан бастап Assystem халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, АЭХА ұсынымдарына (NP-T-1.10) сәйкес АЭС технологиясын іріктеу әдістемесін жетілдіруге қолдау көрсетіп келеді.

Assystem Group бас директорының орынбасары Стефан Обарбье:

«Біз Қазақстанмен серіктестік орнатқанымызға қуаныштымыз. Бұл елдің жаңа атом бағдарламасына қатысу – біз үшін үлкен мәртебе. Жоба қауіпсіздігі мен тиімділігін қамтамасыз етуге бар күшімізді саламыз», – деп атап өтті.

Айта кетейік Assystem — ядролық энергетика саласындағы әлемдік деңгейдегі жетекші инжинирингтік компания. 55 жылдан астам тәжірибесі бар топ энергетикалық өтпелі кезеңде атом, жаңартылатын энергия және таза сутек жобаларын іске асырумен айналысады.

Бүгінде 12 елде 8 000-нан астам сарапшысы жұмыс істейтін компания — ядролық энергетика саласындағы үш ірі инженерлік компанияның бірі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *