ТАҒЗЫМ МЕН ТАҒЫЛЫМ

Шымкент қаласында қазақ ғылымының аса көрнекті өкілі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан ҒА академигі Төлеген Тәжібаевтың 115 жылдығына арналған еске алу іс-шарасы болып өтті. Аталған тағылымды шара ғалымның есімін ұлықтап, оның ғылыми және рухани мұрасын кейінгі ұрпаққа насихаттау мақсатында ұйымдастырылды.
Жиын Шымкент қалалық Ардагерлер кеңесінің бастамасымен және ұйымдастыруымен өтті. Жиынды Ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев ашып, тұтас шараны басынан соңына дейін өзі басқарып, ғалымның өмір жолы мен елге сіңірген еңбегін кеңінен баяндады.
Салтанатты шара барысында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек сөз сөйлеп, Төлеген Тәжібаевтың білім мен ғылым саласындағы өшпес еңбектеріне тоқталды. Ол ғалымды заманауи қазақ педагогикасының іргетасын қалаушылардың бірі ретінде бағалап, рухани бай мұрасы ұлт игілігіне қызмет етіп жатқанын атап өтті.
Сондай-ақ жиында еліміздің көрнекті құқықтанушысы, заң ғылымдарының докторы, ҚР Құрметті судьясы Бекет Тұрғараев пен Тәжібаевтың тікелей шәкірті, академик Тілеуберді Рсымбетов та өз естеліктерімен бөлісті. Олар ғалымның ұстаздық болмысы, адамгершілік қасиеті мен ғылымға адалдығы туралы әсерлі ойлар айтты. Академик Тілеуберді Рсымбетов Тәжібаевтың өз өміріне және ғылым жолына жасаған ықпалын терең ризашылықпен еске алып, шәкірт ретінде тағзым етті. Филология ғылымдарының докторы Құлбек Ергөбек те өз кезегінде сөз алып, ой-пікірін білдірді. Академиктің елеулі еңбегінің өшіп кетпеуіне үлес қосқан ғалымдарды тілге тиек етті.
Жиынға зиялы қауым өкілдері, Шымкент қаласы әкімшілігі, БАҚ өкілдері, сондай-ақ Ордабасы, Мақтаарал сынды өңірлерден келген азаматтар қатысты.
Шара соңында Төлеген Тәжібаевтың ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, ардақты тұлғаның рухына тағзым жасалды. Бұдан соң ғалымның рухына арналып құдайы ас берілді.
Төлеген Тәжібаев – XX ғасырдағы қазақ педагогикасының дамуына ерекше үлес қосқан тұлға. Ол Қазақстандағы педагогикалық ой-пікірдің қалыптасуы мен дамуы тақырыбына арнап құнды ғылыми еңбектер жариялап, ұлт зиялыларының алдыңғы қатарынан орын алды. Ғалымның артында қалған мұрасы – оның мәңгілік рухани ескерткіші.
Уақыт өткен сайын ұлы тұлғалардың болмысы мен еңбегі асқақтай түседі. Төлеген Тәжібаевтың есімі еліміздің білім мен ғылым тарихында мәңгілік алтын әріптермен жазылған. Оның еңбегі ұмытылмақ емес, ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса бермек.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *