«Орталық Азия – Қытай» Саммиті аясында алғаш рет Power Central Asia – China атты өңірлік энергетикалық форумы өтеді

16–17 маусым күндері елордада «Орталық Азия – Қытай» Саммиті аясында энергетика саласындағы ауқымды іс-шара – «Power Central – Asia China» алғашқы өңірлік форумы өтеді. Форумды ҚР Энергетика министрлігі мен «Инфрақұрылым және инновациялық дамуға жәрдемдесу қауымдастығы» (АСИИР) ұйымдастыруда.

Форум мақсаты – ынтымақтастықты тереңдету

Hilton Astana қонақүйінде өтетін форум аймақтағы энергетикалық өзара іс-қимылды дамыту, инвестициялық және технологиялық серіктестікті кеңейту, сондай-ақ Қазақстанның өңірлік энергетикалық хаб ретіндегі мәртебесін нығайтуға бағытталған. Сонымен қатар жасыл энергетика, цифрландыру және өнеркәсіптік кооперация салаларындағы бастамалар басты назарда болмақ.

Қатысушылар мен серіктестер

Форумға әлемдік және өңірлік энергетикалық нарықтың ірі өкілдері, мемлекеттік құрылымдар мен халықаралық қаржы ұйымдарының делегаттары қатысады. Олардың қатарында China Southern Power Grid, PowerChina, Huawei, Energy China, China Datang, LONGi, KEGOC, Samruk-Energy, KazMunayGas, QazaqGaz және Kazakh Invest секілді алпауыт компаниялар бар.

Сонымен қатар шараға Қытай мен Орталық Азия елдерінің үкіметтік делегациялары, сондай-ақ Азиялық даму банкі (АДБ), Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) және Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі (АИИБ) секілді халықаралық қаржы институттарының өкілдері қатысады.

Көтерілетін мәселелер мен сессиялар

Форум бағдарламасы мазмұнды әрі технологиялық терең талдауларға толы:

  • ҚР Энергетика министрі және қатысушы елдердің ресми делегациялары қатысатын пленарлық отырыс;
  • 22 панельдік сессия, онда энергетикалық көшу, жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК), сутегі энергетикасы, Smart Grid жүйелері, HVDC, BESS, жасанды интеллект, ESG стандарттарын енгізу және киберқауіпсіздік мәселелері қозғалады;
  • Дөңгелек үстелдер, заңнамалық бастамаларды талқылау және практикалық ұсыныстар әзірлеу;
  • B2B, G2B және G2G форматтарында кездесулер – тікелей байланыс орнатуға арналған;
  • Технологиялар көрмесі, мұнда жетекші компаниялар өздерінің соңғы шешімдері мен инновациялық өнімдерін таныстырады.

Күтілетін нәтижелер

Форум аясында бірқатар маңызды келісімдер мен бастамалар іске асырылмақ:

  • Ынтымақтастық туралы 20-дан астам стратегиялық құжатқа қол қою;
  • Қазақстанда индустриялық жобаларды локализациялау және жаңа инвестициялық бағдарламаларды таныстыру;
  • Форумның тұрақты Хатшылығын құру және бірлескен жобаларды басқаруға арналған цифрлық платформаны іске қосу;
  • Энергетика саласында жаңа буын мамандарын даярлауға арналған білім беру бастамаларын іске қосу.

Форум өңірлік энергетика саласындағы стратегиялық диалогқа серпін беріп, Қазақстанның Орталық Азиядағы жетекші рөлін бекемдеуге мүмкіндік береді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *