Шымкент қаласында Shymkent Usta Fest – тұтас ағаштан жасалатын қолөнер шеберлерінің халықаралық фестивалі өтіп жатыр. Іс-шара Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылуда.

Shymkent Usta Fest фестивалі елімізде алғаш рет Шымкент қаласында өткізіліп отыр. Оған Қазақстаннан бөлек, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия және Ресей Федерациясынан келген ағаш өңдеу өнерінің шеберлері қатысуда.
Фестиваль бағдарламасы аясында алты күн бойы «Арбат» алаңында жәрмеңкелер, көрмелер және түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады. Қала тұрғындары мен қонақтары ұлттық нақыштағы ерекше бұйымдарды тамашалап қана қоймай, олардың жасалу барысын да өз көздерімен көре алады.
Фестиваль 14 маусымда басталды. Салтанатты жабылу рәсімі мен гала-концерт 20 маусым күні өтеді.