Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы Ғани Ташқараев пен Әл-Фараби ауданының әкімі Ғабит Мәуленқұлов Ұлы Жеңіс мейрамының қарсаңында 104 жастағы соғыс ардагері Нигмат Гареевті құттықтап, құрмет көрсетті.
Нигмат Насибуллинұлы — қаладағы соғыс ардагерлерінің арасындағы жасы ең үлкені. Ол 1916 жылы туған. Соғыс ардагері елдің амандығын тілеп, болашақ ұрпаққа ақ батасын берді. Сондай-ақ осынау қиын-қыстау кезеңде халықтың бірлігі мен ырысты ынтымағы жеңетіндігін айтып берді.
Сондай-ақ аудан аумағында тұратын басқа да ҰОС ардагерлері және тыл ардагерлеріне арнайы сыйлықтар табысталды.
Айта кетсек, бүгінде қаладағы Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің жалпы саны – 40. Шымкент қаласының мәслихаты 75 жылдық мерейтойға орай Ұлы Отан соғысы қатысушылары мен мүгедектеріне 360 АЕК, яғни 1 миллион теңге көлемінде сыйақы беру жөнінде шешім қабылдады. Ал тыл еңбеккерлеріне 33 мың теңгеден үлестіріледі.