Ән мен рухтың тоғысқан мекені Түркістан тағы да халықаралық өнер сүйер қауымның назарын өзіне аударды. Қасиетті шаһарда қазақ әндерін дәріптеуге бағытталған халықаралық «Voice of Turan – 2025» фестивалі өтті.

Фестиваль аясында шетелден келген кәсіби әншілер мен еліміздің танымал өнер шеберлері қазақ тіліндегі әндерді бір сахнада орындап, өнер мен достықтың үлгісін көрсетті. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, Португалияның Қазақстандағы сенімді өкілі Жозе Атаиде Амарал және басқа да шетелдік мәртебелі меймандар қатысқан бұл ауқымды шара «Керуен сарай» кешенінде ұйымдастырылды.

Әлемнің 17 елінен – Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Татарстан, Башқұртстан, Түркия, Тыва, Португалия, Румыния, Италия, Оңтүстік Африка, Сан-Марино, Куба, Эквадор, Болгария, Тунис және Индонезиядан келген әншілер қазақ тілінде ән шырқап, көрермен ықыласына бөленді. Кеш барысында өңірлік өнерпаздар өздерінің сахналық қойылымдарын ұсынып, фестивальдің рухани мазмұнын арттыра түсті.
Биыл алтыншы рет өтіп жатқан фестиваль Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен жаңа сипатта ұйымдастырылды. Ашық аспан астында өткен шарада рухани үндестік пен заманауи ән өнері үйлесім тапты. Жобаның бас продюсері – Мейіржан Алиакбаров.

Фестивальді Түркістан облыстық мәдениет басқармасы мен Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырды. Негізгі мақсат – қазақ тілін, отандық авторлардың шығармаларын халықаралық деңгейде насихаттау және Түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістанды кеңінен таныту.
21 маусым күні фестивальдің негізгі байқауы өтті. Қатысушылар қазақ әндерін орындаудан бақ сынады. Олардың өнерін кәсіби қазылар алқасы бағалады. Қазылар құрамында еліміздің белгілі өнер майталмандары – Мейрамбек Беспаев, Сәкен Майғазиев, Маржан Арапбаева, Мөлдір Әуелбекова, Мархаба Саби, Әли Оқапов, Бағлан Омаров және Ерген Айтымбетов бар.
Фестиваль қонақтары ретінде Қазыбек Құрайыш, «Меломен» тобы, Ғазизхан Шекербеков және Португалиядан келген әнші Лара Алейшо өнер көрсетті.