Зах-Келес өндірістік бөлімшесі мемлекетаралық су жүйелерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуде

«Қазсушар» РМК Түркістан филиалына қарасты Зах-Келес өндірістік бөлімшесі суару маусымында мемлекетаралық каналдардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде. Бөлімшені су саласының тәжірибелі маманы Нұрсұлтан Сейсенов басқарады. Оның жетекшілігімен каналдарды тазалау, су бөлу, гидротехникалық нысандардың жай-күйін бақылау және су ағынын реттеу жұмыстары тұрақты жүргізілуде.

Бөлімшенің қарамағында Зах, Ханым, Үлкен Келес магистралды және Ащынау мемлекетаралық каналдары, сондай-ақ Үлкен Кескен су тосқауылы бар. Аталған су жүйелері арқылы Қазақстандағы 57 749 гектар және Өзбекстандағы 26 300 гектар, жалпы 84 049 гектар суармалы алқап ағын сумен қамтамасыз етіледі.

Негізгі су көзі – Шыршық және Келес өзендері. Каналдарға су беру көлемі екі елдің су пайдаланушыларының сұранысына және Шарвақ су қоймасындағы су қорына байланысты белгіленеді. Су шығыны жөніндегі өтінімдер БВО «Сырдарья» мекемесі арқылы келісіліп, соған сәйкес су жіберіледі.

 

Зах-Келес өндірістік бөлімшесінің теңгерімінде жалпы ұзындығы 360,465 шақырым канал, 477 гидротехникалық және су бөлгіш құрылым, 50 көпір мен өткел, сондай-ақ 253 су өлшеу бекеті бар. Оның 127-сі Қазақстан, 126-сы Өзбекстан аумағында орналасқан.

Суару маусымы кезінде техникалық қызметкерлер тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырып, каналдардағы су деңгейін бақылап, су бөлу жұмыстарын үйлестіреді. Шекара аумағындағы нысандарда жұмыстар екі мемлекеттің шекара қызметтерімен келісілген тәртіпте жүргізіледі.

Зах, Ханым және Ащынау каналдары өткен ғасырдың басында пайдалануға берілгендіктен, олардың басым бөлігі бүгінде күрделі жөндеуді қажет етеді. Үлкен Келес магистралды каналындағы бірқатар гидротехникалық құрылыстар да жаңғыртуды талап етеді. Сондықтан су жүйелерін кезең-кезеңімен жаңарту, каналдарды бетонмен қаптау және заманауи технологияларды енгізу өңірдің су қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды бағыты болып саналады.

Қазіргі таңда Нұрсұлтан Сейсенов жетекшілік ететін Зах-Келес өндірістік бөлімшесі мемлекетаралық су нысандарының тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп, Түркістан облысының Қазығұрт, Сарыағаш және Келес аудандарындағы суармалы алқаптарды ағын сумен қамту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырып келеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *