600 жас маман еңбек нарығына жол тартты

Шымкентте тағы бір буын жас маман үлкен өмірге жолдама алды. Биыл 25 жылдық тарихы бар Шымкент жоғары педагогикалық колледжін 600-ге жуық түлек тәмамдап, еңбек нарығына қадам басты.

Ширек ғасыр бұрын небәрі 50 студентпен жұмысын бастаған оқу орны бүгінде өңірдегі беделді колледждердің біріне айналған. Қазір мұнда 13 мамандық пен 17 біліктілік бойынша 3 мыңнан астам студент білім алуда. Осы уақыт ішінде оқу орны 10 мыңнан астам білікті маман даярлап шығарған.

Колледж директоры Гульнара Ибрагимованың айтуынша, биылғы оқу жылы ерекше нәтижелі болды. Оның сөзінше, 600-ге жуық түлектің 400-і мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында білім алған. Бұл – мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың нақты нәтижесі әрі еңбек нарығына қажетті мамандарды даярлаудың бір көрінісі.

Диплом алған жастардың арасында болашағын ақпараттық технологиялармен байланыстырған түлектер де аз емес. Бағдарламалық қамтамасыздандыру мамандығын тәмамдаған Қуаныш Әуезханұлы Қазақстанның IT саласын дамытуға үлес қосуды армандайды. Оның мақсаты – отандық бағдарламалық өнімдер мен антивирустық жүйелерді әзірлеуге атсалысу. Жас маманның бұл арманы бүгінгі буынның тек жұмыс іздеуші емес, жаңа технология жасап, ел дамуына үлес қосуды көздейтін буын екенін көрсетеді.

Колледждің жетістігі тек өңірлік деңгеймен шектелмейді. Бүгінде оқу орны әлемнің 17 шетелдік білім беру ұйымымен ынтымақтастық орнатып, халықаралық тәжірибе алмасуды жүйелі жолға қойған. Соңғы бес жыл ішінде 78 студент шетелде тәжірибеден өтіп, кәсіби көкжиегін кеңейтті. Бұл көрсеткіш жастардың халықаралық талаптарға сай маман болып қалыптасуына мүмкіндік береді.

Бүгінгі еңбек нарығы тек дипломды ғана емес, бәсекеге қабілетті, жаңашыл ойлайтын әрі өзгерістерге бейімделе алатын мамандарды қажет етеді. Сондықтан колледждердің міндеті білім берумен ғана шектелмей, студенттердің кәсіби және тұлғалық дамуына жағдай жасауға бағытталуда.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *